Қылмыстық іс қозғалғанын Президенттің өзі хабарлады. Әскери бөлімнің қоймасында 500 тонна тротил сақталған, өрт қойманы түгел шарпыған. Сынықтар 2 шақырымға дейін ұшқан. Мемлекет басшысы жұмада шұғыл жиналыс өткізген. Шерхан Жамбылұлы әңгімелейді.
Бейбіт күнде көк аспанымызды көк түтін тұмшалап, әулиеата жұртының түн ұйқысын төрт бөлген жарылыс барша қазақстандықты алаңдатты. Ақорда да бірден хабар таратты: Мемлекет басшысы құзырлы мекемелерге шұғыл әрекет етуді тапсырды. Қ.Тоқаевтың өзі твиттердегі парағында жарылысқа жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылданғанын жазды.
Жұма Мемлекет басшысы шұғыл жиын өткізді. Президент ең әуелі апат салдарынан қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Өкінішке қарай, әскери қызметшілер мен құтқарушылар арасында адам шығыны бар. Олар қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапты. Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған адамдардың тезірек сауығып кетуін тілеймін.
Ал қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсету - мемлекеттің міндеті. Президент жапа шеккендерге барынша қолдау көрсетуге тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Мемлекеттік уәкілетті органдар қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсетудің бүкіл шарасын қабылдауы қажет. Жұмылдырылған барлық сала мамандарының жанкештілігінің арқасында жағдай бақылауға алынып, одан да көп шығынға жол берілмеді. Құтқарушыларға, дәрігерлерге, полиция, прокуратура және әкімдік қызметкерлеріне алғыс айтамын. Дегенмен өрттің салдары қиынға соқты. Адамдар зардап шекті. Көптеген азамат баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Елді мекендердің инфрақұрылымына зақым келіп, бірқатар ғимарат қирап қалды. Осыған байланысты шұғыл шаралар қабылданды. Бірақ әлі де көп қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керек.
Мұндай жағдайда мемлекеттік мекемелер жедел әрі ашық түрде ақпарат беруі қажет. Президент осы жағдайды назарда ұстауды тапсырды. Мемлекеттік комиссия құрылып, Премьер-министрдің орынбасары Р.Склярды Жамбылға жіберді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Роман Васильевич, сізге қазір жиналыс аяқталған соң Жамбыл өңіріне шұғыл баруды тапсырамын. Жұмыстың басы-қасында болып, барлық шараларды оқиға орнынан ұйымдастырыңыз. Екінші. Қаза болған азаматтардың отбасын әлеуметтік қорғау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылдансын. Үшінші. Денсаулық сақтау министрлігі төтенше оқиға салдарынан жарақат алған азаматтарға жан-жақты медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырсын.
2 жыл, 2 ай, 2 күн. Тараз бен Арыстағы оқиғаның арасы дәл осынша уақыт. Мемлекет басшысы екі жыл бұрынғы оқиғаны еске салды. Халықтың қойып отырған сұрағы да осы - 2019 жылы Арыста болған жарылыстан сабақ алмағанымыз, қорытынды шығармағанымыз ғой? Арыстағы жарылыстан кейін үкіметке нақты тапсырмалар берілген еді. Алайда қару-жарақ қоймаларының орналасуы мен оларға ревизия жасау, тиісті деңгейде сақтау - шешілмеген болып шығып тұр. Орта Азиядағы қазіргідей күрделі геосаяси ахуал жағдайында бұл тіпті болмауы тиіс оқиға еді.
Амангелді Құрмет, журналист, сарапшы:Ең бірінші қаупі неде? Халықтың өзінің армиясына деген сенімін азайтады. Енді қараңыз жуырдағы бір мысал. Ауғанстан армиясы талибандардың шабуылы кезінде тым-тырақай қашты. Армия халқына сенбейді, халқы армиясына сеніп отырған жоқ. Нәтижесінде не болды. Билігінен айырылып қалды. Қазір әлемнің көп мемлекеті экстремистік, терористік деп таныған қозғалыс билікті тұтастай дерлік қолға алып отыр.
Жамбылдағы жарылыстың толқыны тұтас қорғаныс саласында түбегейлі реформалар жасауға алып келе ме? Қорғаныс министрі «бірден отставкаға кету туралы ойладым» дегенімен және солай болған күннің өзінде де мәселе Қорғаныс министрін ауыстырғанда ғана ма?..
Амангелді Құрмет, журналист, сарапшы:Өзім азамат ретінде және осы саланы зерттеп жүрген маман ретінде айтайын. Министрді алумен мәселе шешілмейді. Министрлікті жалпы күш құрылымдарын қоғамның бақылауы күшеюі керек.
Шерхан Жамбылұлы