Президент Жамбыл облысында болған жарылыстарға байланысты шұғыл жиналыс өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жамбыл облысында болған жарылыстарға байланысты шұғыл жиналыс өткізді

27.08.2021

Мемлекет басшысы Жамбыл облысында болған жарылыстарға байланысты шұғыл жиналыс өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев оқыс оқиға салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, жарақат алған адамдардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Жарылыс зардабын жою бойынша құзырлы мекемелерге шұғыл түрде әрекет ету керек. Уақыт ұттырмай, қажетсіз кедергілерге жол бермеуі қажет. Мемлекет басшысы ең бірінші кезекте ауыл тұрғындарын өз үйлеріне қайтару үшін қажетті шараларды қолға алуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өкінішке қарай, әскери қызметшілер мен құтқарушылар арасында адам шығыны бар. Олар қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапты. Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған адамдардың тезірек сауығып кетуін тілеймін.

Президент қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекеттік уәкілетті органдар қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсетудің барлық шараларын қабылдауы қажет. Жұмылдырылған барлық сала мамандарының жанкештілігінің арқасында жағдай бақылауға алынып, одан да көп шығынға жол берілмеді. Құтқарушыларға, дәрігерлерге, полиция, прокуратура және әкімдік қызметкерлеріне алғыс айтамын. Дегенмен өрттің салдары қиынға соқты. Адамдар зардап шекті. Көптеген азамат баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Елді мекендердің инфрақұрылымына зақым келіп, бірқатар ғимараттар қирап қалды. Осыған байланысты шұғыл шаралар қабылданды. Бірақ әлі де көп қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керек.

Тағы бір маңызды мәселе апаттың себептерін анықтау. Президент осындай оқыс оқиға алдағы уақытта қайталанбауы үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды. 2 жыл бұрын Арыста болған жарылысты да еске алды. Қару-жарақ қоймаларында әлі де шешілмеген түйінді мәселелер бар. Сол оқиғадан кейін тиісті тапсырмалар берілген. Алайда Жамбылдағы жарылыс жағдайдың бетін ашып бергендей. Президент осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді қадап айтты. Қайғылы жағдайға байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар шараларды шұғыл түрде қолға алу қажеттігіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бірінші. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылсын. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Роман Васильевич Скляр басшылық етсін. Роман Васильевич, сізге қазір жиналыс аяқталған соң Жамбыл өңіріне шұғыл баруды тапсырамын. Жұмыстың басы-қасында болып, барлық шараларды оқиға орнынан ұйымдастырыңыз. Екінші. Қаза болған азаматтардың отбасын әлеуметтік қорғау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылдансын. Үшінші. Денсаулық сақтау министрлігі төтенше оқиға салдарынан жарақат алған азаматтарға жан-жақты медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырсын.

Жамбыл облысы әкімінің сөзінше қазір аймақта ахуал тұрақтанды. Бүгін эвакуацияланған тұрғындардың барлығы да үйлеріне қайтуы мүмкін.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
Мамандардың айтуы бойынша өрт бүгін күннің аяғына дейін тоқтатылып, өшірілуі керек. Егер өрт өшірілетін болса онда қалған 62 адамды да үйлеріне қайтарамыз. Мына үйлердің келген шығындары бойынша өртенген нысандар, үйлер жоқ. Бірақ шығын бар, шатырлардың шиферлары, терезелердің әйнектерінен шығын бар.

Жиын барысында Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне оқиғаның мән-жайын анықтау міндеті жүктелді. Кінәлілер жазалануы үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарының мұқият жүргізуін қамтамасыз ету тапсырылды. Ал полицейлер мен мемлекеттік органдарға қоғамдық тәртіпті қадағалап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аудару керектігі айтылды.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу