Сарбаздардың ас мәзіріне қазақтың ұлттық тағамдары қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарбаздардың ас мәзіріне қазақтың ұлттық тағамдары қосылады

26.08.2021

Енді сарбаздардың ас мәзіріне қазақтың ұлттық тағамдары қосылады. Азық-түлік нормаларын жетілдіруді қолға алған ведомства мәзірге құрт, қымыз, шұбат сияқты дәстүрлі тағамдар мен сусындарды енгізуді қарастырып отыр. Ал ыстық тамақты жылқы етінен даярлау жоспарланған. Бұдан бөлек қой, түйе, үйрек, қаз бен түрлі балық еттерімен де мәзір түрленбек. Президент жарлығына сәйкес, биыл 1 қыркүйектен бастап азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру іс-шаралары басталады. Жыл соңына дейін жасы 18 бен 27 арасындағы 17 мыңға жуық жас әскерилер қатарын толықтырады. Кезең-кезеңімен әскерге шақырылушылардың тізімін ұлғайту көзделіп отыр. Пандемияға байланысты, карантин талаптары ерекше ескеріледі. Әскерге шақырылатындарға 1414 қызметінің сервисі арқылы SMS хабарлама тарату жалғасады. Бұл да қарым-қатынасты азайтып, вирустың жұғу қаупін алдын алады, - дейді, ведомства өкілдері.

Сәкен Жүсіпов, ҚР ҚК БШ департамент бастығы:
Осымен екінші жыл әскерге шақыру науқаны пандемия жағдайында өткізіліп жатыр. Әскерге шақыру және жиын пункттерінде коронавирус инфекциясының алдын алудың әрі оның таралуына жол бермеудің тәжірибесі пысықталған. Өткен әскерге шақыру кампаниясындағы сияқты әскерге шақырылатындарға ПТР зерттеуі екі рет жүргізіледі, яғни, әскерге шақыру кезінде жиын пункттерінде және олар әскери бөлімдерге келген кезде.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу