Аутизммен ауыратын балаларға арналған 8 заманауи орталық ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аутизммен ауыратын балаларға арналған 8 заманауи орталық ашылады

25.08.2021

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры аутизммен ауыратын балалар үшін тағы да 8 заманауи орталық ашады. «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек елімізде алғаш рет инклюзияны қолдау кабинетін ашқан елордадағы «Қыз Жібек» балабақшасында болды. Болашақ қорының жұмысымен танысты. Өткен жылы аталған қор 8 өңірде 16 инклюзияны қолдау кабинетін ашқан. Келесі жылдың соңына дейін аутизммен ауыратын және басқа да ауытқулары бар балалар үшін 8 заманауи еңселі орталық салуды жоспарлап отыр. Болашақ қоры жұмысын бастаған 10 жылда 59 мамандандырылған оңалту мекемесі ашылып, жабдықталды. Оның ішінде 22 қалада 43 инклюзияны қолдау кабинеті жұмысын бастады. Бүгінде Қазақстанда 160 мыңнан астам ерекше білім алуды қажет ететін бала бар, оның 35 мыңдайы аутизммен ауырады.

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Біздің негізгі мақсатымыз осындай ерекше балаларға жағдай жасау, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 14 жылы кедергісіз келешек деген бағдарламаны бастады. Сол кезде, мүлдем қиын болатын. Қазір ерекше қажеттіліктері бар балаларға барынш жағдай жасалынып жатыр.

«Нұр Отан Партиясының» сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға дейін колледждер мен жоғары оқу орындарында, мектептер мен балабақшалардың 70%-інде инклюзивті білім беруді енгізу жөнінде міндет қойылған. Бұл жоба «Барша балаға – тең мүмкіндіктер» қағидасы аясында жүзеге аспақ. Сондай-ақ алдағы 5 жылда ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тағы 22 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанын ашу жоспарланған.

Динара Қапарова, қала тұрғыны:
Менің балам психоневрологиялық аурухананың пациенті болады деп ойлағам. Ал қазір бірдеңені қайталайды, айтады. Талпыныс бар балада. Барлығы осы қыздардың арқасы. Осыларды көбейтіп, көркейтіп, бүкіл Қазақстанға таратылсын. Осындай балаларға көбірек көмек көрсетілсе екен деймін. Болашақ қорына үлкені алғысымды айтамын. 

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу