Солтүстік Қазақстандағы Тайынша ауданына қарасты Теңдік елді мекенінің тұрғындары осыдан 20 жылға жуық бұрын ащы судан түбегейлі бас тартқан. Сол сәттен бері дүкен сөрелерінен де арақ-шарап түгел алынып тасталған. Өйткені сұраныс жоқ. Әріпсетім Эльмира Кәленова салауатты өмір салтын ұстанған ауылға барып қайтты.
Эльмира Кәленова, тілші:Теңдік ауылында 400-ге тарта тұрғын бар. Соңғы 20 жылда олардың ешқайсысы полиция бөлімшесіне арызданбаған. «Тентек судан» бас тартқаннан кейін елді мекенде қылмыс та сап тыйылыпты.
Арақ атаулыдан бас тарту жөніндегі бастаманы бірінші болып ел ағасы, қажы Орынбай Әлжанов көтерген. Көпшілік сыйлы азаматты бірден қолдай кеткен. Басқа ауылдардың тоз-тозы шығып, тұрғындары қалаға қарай көшіп жатқанда Теңдікте шаруа қожалығын ашып, халықты жұмыспен қамтыған да осы ақсақал.
Орынбай қажы Әлжанов, Теңдік ауылының тұрғыны:2003 жылы Әбсаттар қажы үндеу тастады. 30 күн оразада ішілмесін деді. Енді соны біржола тастайық, қайтеміз оны, 30 күннен кейін қайыра ішіп. Содан бастап «арақ ішілмейді» деп халыққа жариялап, келген меймандарға арақ қоймайтын болдық.
Орынбай қажы мешітті де өз қаражатына салдырған. Ауылда қымызхана жұмыс істеп тұр. Ұлттық сусынға сұраныс жоғары.
Айна Қыдырбекова, сауыншы:Бүкіл жерде қымыз құйылады. Ондай ішімдік, спиртной жоқ. Осы ақ тамақ, қымыз. Дайындаймыз. Күніде бір үйірде 24 бие болса, соның 22-сін сауамын.
Облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауылда екі дүкен бар. Екеуінде де шырыннан басқа сусын сатылмайды.
Андрей Нимак, Теңдік ауылының тұрғыны:Қандай той болса, солай болады. Арақ жоқ. Мен де ішпеймін. 40 жыл мында тұрып жатырмын.
Арақ-шараптан бас тартқан ауылдың қара домалақтары да назардан тыс қалмаған. Оларға арнап елден шыққан кәсіпкер спорт алаңын салып берген. Нысан қолданысқа берілгелі оқушылар аудандық жарыстарда топ жарып жүр.
Эльмира Кәленова