Солтүстіктің салқын климатында көкөніс қана өспесе, жеміс-жидекке қолайсыздау. Бірақ, теріскейлік бағбан «бабын тапсаң, байлық жерде» екендігін дәлелдеді. Ол биыл қарбыздан мол өнім алып отыр. Ал Шығыс Қазақстандағы Қарауыл ауылында мектеп мұғалімдері өсірген тропикалық өсімдік жеміс берген. Ол қандай өсімдік ? Тілшіміз баяндасын.
Теріскей тұрғыны Ғани Ердосов қауын-қарбыз егіп, мол өнім алды. Түркістан тумасы 30 жыл бойы бағбандықпен айналысқан. Былтыр «Еңбек» бағдарламасы аясында қоныс аударған азамат жылу сүйгіш өсімдіктерді солтүстік өңірде де өсірудің жолын тапты. Оның бақшасындағы қарбыздардың салмағы 15 келіге дейін жеткен. Өңірде таңсық саналатын кәсіпті дамытқан ол, келер жылы 14 гектар алқапқа қарбыз егуді жоспарлап отыр.
Ал Абай еліндегі Қарауыл ауылының мұғалімдері жылыжайға еккен банан жеміс бере бастаған. Бұрын бөлмеде тәжірибе үшін ғана өсіріп келген экзотикалық өсімдікті өткен жылы биологтар жылыжайға ауыстырыпты. Күтіп-баптап, түрлі дәрумендермен қоректендірген соң тез бой алып, биыл жеміс шыққан.
Анар Сәдібекова, мектеп директоры:Сыймай жатыр ішіне. Өйткені жаңағы экзотикалық өсімдіктердің өзі ішіне толып кетті. Бананның өзі өсімталдығы сол жайлып, орта тұсын, бірнеше жерді алып тұр. Тек қана сол экзотикалық өсімдіктерді өсірсек деп жоспарлап отырмыз.
Бұған дейін ұстаздары мен оқушылар апельсин, мандарин мен гранаттан да жеміс алып көрген. Ал бананның жеміс беруі бірінші рет дейді. Енді мұғалімдер білім ордасының жанынан үлкен жылыжай тұрғызып, тек экзотикалық жемістерді өсіруді қолға алмақ.
Ержан Жақып