Мектеп формасы 25%-ға қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектеп формасы 25%-ға қымбаттады

20.08.2021

Биыл мектеп формасы 25%-ға қымбаттаған. Оған себеп әлемдік нарықта матаның бағасы өсіп, оны жеткізу құны артты. Онсыз да сатылымы төмендеген мектеп киімдерін өткізу тіпті қиындаған. Тиісінше отандық өндірушілердің шағымы да көбейді. Мектеп формасын жақтайтындар мен даттайтындардың уәжі қандай? Тілшіміз тарқатады.

Жаңа оқу жылында оқушылар мектеп формасын киюге міндетті емес. Биыл екінші жыл министрлік осындай шешімге келді. Бірақ ата аналардың пікірі екіұдай. Балам тәртіпке бағынып, сабаққа бірыңғай мектеп формасымен барады дегендердің бірі-Айман. Қызы Жанна да бұл ойды құптап отыр.
Айман Әлиева, ата-ана:
Министрлік классикалық форманы киюге рұқсат берсе де, мен дүкенге балама мектеп формасын алуға келдім.
Жанна Әлиева, №76 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы:
Мысалы, бір бала жақсы киінеді, ал екінші бала олай жақсы киінуге жағдайы болмауы мүмкін. Менің ойымша мектеп басшылығы оқушылар мен ата-аналарға классикалық киімді түсіндіру керек.
Бірақ Айман сияқты ойлайтын ата-ана кемде-кем. Сондықтан тамыз айында дүкен мен базарға сабылатын қауым бүгінде жоқтың қасы.
Ақниет Балтанова, тілші:
Биыл мектеп формасының бағасы шамамен 20-25%-ға артқан. Оған себеп әлемдік нарықта матаның да бағасы өсіпті. Ал мектеп формасын тігетін фабрикалардың жағдайы мәз емес. Өйткені былтырғы оқу жылына арнап тігілген киімдер әлі күнге дейін өтпей әлек.
1995 жылдан бастап мектеп формасын тігумен айналысатын фабриканың мына дүкенінде сатылым аз. 300 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын «Vseobuch» сервисі арқылы тек әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға киім үлестіріп отыр. Там-тұм табыс шаш етек шығынды өтей алмайды.
Аймира Айымқұлова, кәсіпкер:
Адамдардың барлығын осы күнге дейін жұмыспен қамтып жатырмыз. Бірақ келесі жылы да осындай жағдай болса, әр қызметкерімізді жұмыспен қамти алмаймыз. Енді келесі жылы отандық өнім өндірушілерін қолдайды деп үкіметке сенеміз.
Жеңіл өнеркәсіп тұралап, отандық кәсіпкерлер күнкөріс көзін іздеп жатқанда әлеуметтік желідегі белсенді топ екі ұдай пікір айтып, бір шулап алды. Бірі мектеп формасын мүлдем алып тастауды ұсынады. Қатып қалған біркелкі киім баланың стандартты ойлауына әкеп соғады-мыс. Ал енді бірі керісінше, классикалық киімге рұқсат беру арқылы балаларды жік-жікке бөлу қауіпі барын алға тартады.
Аятжан Ахметжанұлы, №90 мектеп-гимназия директоры:
Біреудің баласының жасып, біреудің баласының тасып жүрмеуі үшін мектеп формасы керек деп ойлаймын. Ал классика деген дүниені әркім әртүрлі түсінеді. Мектеп формасы классикадан арзан болмаса, қымбат емес. Классикаға шамасы келген адам, мектеп формасына да шамасы келеді.
Психолог мамандар да мектепте балалардың бірдей форма киюін құптайды. Себебі, бала психологиясы әлеуметтік теңсіздікті көтере алмауы мүмкін. Тіпті буллингтің түр-түрі де осындайдан шығады дейді.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу