Қуаңшылық қысқан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарына жем-шөп сатып алуға Үкімет резервінен 3 млрд 600 млн теңге бағытталды. Мал азығына қосымша 43 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында айтылды. Қабылданған шаралар проблеманы шешуге сеп бола ма? Тілшіміз Оңғар Алпысбайұлы жиында талқыланған жәйттерді баяндауға әзір.
Оңғар Алпысбайұлы тілші:
Министрдің мәліметі бойынша бүгінге дейін 21 млн тоннаға жуық азық дайындалған. Бұл жылдық жоспардың 82 пайызы. Жаз соңына дейін мал азығы қажетті мөлшерде дайындалады. 23 тамыздан бастап жем шөпті сыртқа шығаруға уақытша тыйым салу туралы шешім күшіне енеді. Ал, 1 қыркүйектен бастап мал жемін экспорттауды квоталау басталады. Алдымен өзімізді қамтып алмай өнімдеріміз сыртқа шығарылмайтын болды. Ербол Қарашөкеев зардап шеккен өңірлерге жем-шөп жіберген еріктілерге алғыс айтты. Егін ору науқанына келсек. Бүгінге дейін барлық алқаптың 14 пайызы орылған. Астықты аймақтар егін жинауды әне міне бастағалы отыр.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Егін жинауға дайындық мәселесінде жұмыстарды қаржылай және материалдық техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданды. Жалпы Қазақстан болжам бойынша өзін астықпен толық қамтамасыз етеді. Экспорт әлеуеті жоғарй деңгейде қалады. Шамамен 6,5-7 млн тонна.
Оңғар Алпысбайұлы тілші:
Шаруаларға қолдау ретінде форвардтық сатып алу көлемі ұлғайтылып отыр. Бұл бағытқа былтыр 25 млрд теңге бөлінсе биыл 40 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған. Кәсіпкерлер егін орағынан соң өнімді сататын нарық іздеп сандалмайды. Азық-түлік келісімшарт корпорациясына өткізеді. Үкімет басшысы Асқар Мамин энергетика министрлігіне егін жинау кезінде шаруаларды жанар жағар маймен қамтамасыз етуді тапсырды.
Оңғар Алпысбайұлы