Түркістан облысында 410 млн теңгеге салынған мектеп апатты жағдайда тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 410 млн теңгеге салынған мектеп апатты жағдайда тұр

17.08.2021

Түркістан облысындағы Қостөбе ауылының тұрғындары 1-ші қыркүйекте балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр. Себебі ауылдағы жалғыз білім ұясы ғимаратының бір бөлігі сөгіліп, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Іргетасы небәрі 10 жыл бұрын қаланған мектеп апатты жағдайға жеткен , дейді жергілікті халық.

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын Қостөбеліктерден маза кетті. Балаларына алаңдаған ата-аналар күнделікті мектепке келіп, жергілікті биліктен ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуді талап етуде. Себебі салынғаннан бері он жыл ішінде қабырғалары сөгіліп, асхана жақ бөлігі жарылып жатыр екен.

Жандос Құтымбетов, Қостөбе ауылының тұрғыны: 
Бір жылға жетпей, алты айда бітіріп берді мектепті. Бұл плита болмай, асты әшейін топырақ болғанан кейін су кетті да канализациядан. Сөйтті да мынау отырып, дуалдың барлығы айырылып құлап жатыр.

Мектеп құрылысына бюджеттен 410 млн теңге жұмсалған. Алайда, міндетіне немқұрайлы қараған мердігер ғимараттың ішкі және сыртқы жұмыстарын шала істеген, дейді тұрғындар.

Тастан Қуатбеков, Қостөбе ауылының тұрғыны: 
Немере, бала-шағаны жіберуге қорқамыз.  Екі-үш мәрте аудан әкімдеріне бардық, Міне жібереміз, әне жібереміз дейді. Содан бері жібереміз деген адамдар келмей жатыр.

Ал, салаға жауаптылар он жыл өтпей жарамсыз күйге түскен мектепті бастан-аяқ жөндеу үшін 6 млн теңгеден астам қаражат қажет деп отыр. Білім ордасының жағдайын жақсы білетіндер ақауларын өздері тізіп берді.

Пернебек Асанов, Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері: 
Мектептің «Б» корпусында апатты жағдай орын алып отыр. Нақыталап айтатын болсақ, асханасының едендері 25 см шөккен, қабырғаларының 10 см жуық жарылуы байқалады. Бірінші қабатындағы еденнің топырағы отырып, оның салдарынан плиткалар қазір жарылып жарамсыз күйге түсуде. Қол жуатын орындар мен әжетханасындағы құбырлардан кейбір жерлерінен су ағады, жағымсыз иіс шығады.

Осылайша жауапты мамандар қағазбастылықтан арыла алмай жүргенде, жаңа оқу жылы да таяп қалды. Яғни, биыл да оқушылар мектепке жандарын шүберекке түйіп баруына тура келіп тұр. Себебі, жөндеу жұмыстарына кем дегенде екі жыл уақыт қажет.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу