Теріскейдегі Тайынша ауданына қарасты Ильич ауылдық мектебінде алғашқы қоңырау соғылмауы мүмкін. Білім ордасы жаңа оқу жылына дайын емес. Қолданысқа берілгелі жөндеу көрмеген нысанның қабырғасы көгеріп, едені шіріп кеткен.
Эльмира Кәленова, тілші:Ғимараттың іргетасы 1968 жылы қаланған. Тозығы жеткен қабырғалардың сылағы түсіп жатыр, ал жаңбыр жауса мұндағы жағдай тіпті қиын.
Әлібек Жағыпаров - осы білім шаңырағының түлегі. Екі баласы да Ильич мектебін тәмамдаған. Қазір үйдің кенжесі де осында оқып жүр. Бірақ ауыл тұрғын жаңа оқу жылында баласын сабаққа жіберуге қорқады.
Облыс орталығынан, шамамен, 250 шақырым қашықта орналасқан ауыл мектебінде 50-ден астам оқушы бар. Басқа амалы қалмаған соң ата-аналар өз қалтасынан ақша жинап, шама-шарқынша жамап-жасқап, тесіктерін бікеткен. Бірақ ол көпке жетпеді.
Бірер күн бұрын шатырды жөндеу жұмыстары басталды. Әзірге тек ескі жабын жаңартылмақ.
Гүлжан Кәрменова, аудандық білім бөлімі жетекшісінің орынбасары:Айдың соңына дейін осы ағымдағы жөндеу жұмыстары бітеді деп ойлап тұрмыз. Стройматериалдар қазір бәрі орнында тұр. Жетпегені 13-нен кейін қосымша әкелінеді. Білім бөлімінің бюджетінен бөлініп жатқан қаражат, қазір конкурс жарияладық, 8 млн 300-ге. Және де осы бригадаға 4 млн-ға келісімшартымыз бар.
Ал мектептің бастан-аяқ жөнделер-жөнделмесі белгісіз. Жауаптылардың айтуынша, келер жылы ғимаратты күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленген. Әзірге жоба тек сараптамаға жіберілді.
Эльмира Кәленова