«Дельта» штамы күн өткен сайын дендеп барады. Еуропа елдері індеттің төртінші толқыны басталды-деп дабыл қағып, шектеулер енгізіп жатыр. Қарт құрлықтағы соңғы ахуалды әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік.
Нұрсұлу Қасым, тілші:Қазір Еуропаның бірнеше елі қызыл аймақта тұр. Шектеулердің қайта күшейтілуі де сондықтан. Португалиядан бөлек Грекияның Крит аралында да түнгі сағат 1-ден таңғы 6-ға дейін комменданттық сағат енгізілді. Финляндияда да індет күрт өршігендіктен ел үкіметі жабық ғимараттардағы шараларға 25 адамнан артық қатысуға тыйым салды. Францияда да осы аптада жасыл төлқұжат күшіне енді. Яғни, тұрғындар мейрамханаға, кинотеатрға, ауруханаға кіру үшін, қоғамдық көлікке отыру үшін екпе алғанын, ПТР тест тапсырғанын, немесе ағзасында антиденесі бар екенін растайтын сандық кодты көрсетуге міндетті.Вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Біз тұрған Бельгияда ересектердің 80 пайызы екпенің екі дозасын салдыртқан. Өзге мемлекеттерде де халықтың 60-70 пайызы толықтай вакцина алған. Дельта штамы күшейгеннен бері өз еркімен екпе салдыртуға асығушылардың саны көбейген. «Ауруханаға ковидпен түскендердің дені-екпе салдыртпағандар немесе екпенің тек алғашқы дозасын алғандар»-дейді дәрігерлер. Індетті жеңудің жалғыз жолы-вакцина салдырту. Ал ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 80-90 пайызын вакциналау қажет деген соң қазір бірқатар елдер екпе алуға мәжбүрлеуге көшті. Мәселен, Германия мен Франция осы уақытқа дейін тегін болған ПТР тестті енді ақылы етпек. Литвада вакцина алмағандар жұмыссыздық үшін берілетін жәрдемақыдан қағылады.
Нұрсұлу Қасым