Елордалық оқушы Есіл өзенін тазартуға арналған қызықты жоба ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық оқушы Есіл өзенін тазартуға арналған қызықты жоба ұсынды

12.08.2021

Елордалық оқушы Есіл өзенін табиғи жолмен тазартудың ерекше тәсілін ұсынды. Жобасы күрделі емес. Бар болғаны, моллюски деп аталатын ұлуларды қолдан көбейтіп, өзенге жіберсе жеткілікті. Олар суда бұрыннан бар, тек саны азайып кеткен. Санитар жәндіктер сумен қоректенеді де, таза суды бөліп шығарады. Соның нәтижесінде өзендегі зиянды заттар жойылады, шомылуға да болады, балықтардың популяциясы да дамиды. Жас жеткіншектің бұл идеясын экология министрлігі қолдай ма? Раушан Сайлауқызы толығырақ.

Нұртөре – Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы. Былтыр Нью-Иоркке байқауға барғанда, экскурсия жасап, қызықты жобамен танысады. Онда кәдімгі ұлуларды қолдан өсіріп, суды тазартуға болатынын көрген. Елге келісімен, осы идеяны жүзеге асыруға кіріседі. Мектеп басшылығының қолдауымен, зертханада ұлуларды өсіріп, жәндіктің суды тазартатынына көз жеткізеді.

Нұртөре Арынурұлы, Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы: 
Практикалық жүзеге асты. Моллюстердің суды тазалайтынын көрдік. Қол астымыздағы Есіл өзенін қолдана алмау деген мен үшін ұят. Сол себепті, бұл мен үшін маңызды. Қазіргі жобамның негізгі мақсаты Есіл өзенінің суын тазарту, флора мен фаунаны қайта жаңғырту, судың сапасын көтеру.

Бірақ, ірі жобаны жүзеге асыру жеткіншектің қолынан келмейтіні анық. Жәндікті қолдан өсіру үшін арнайы инкубаторлар салыну қажет. Оны жүзеге асыратын мамандар да керек.

Дана Ағыбаева, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі комитеті бөлім басшысының м.а: 
Біз бұл жобамен таныспыз.  Бұл жерде эксперимент тек аквариумда жүргізілгендіктен оны нақты табиғи обьектіде ғылыми зерттеуді қажет етеді. Судың сапасын анықтау қосымша зертханадар қажет болған жағдайда біздің ведосмтвадағы зертханалар қолдау көрсетуге дайын.

Демек құзырлы орган қолдау танытуға қарсы емес. Тек жобаны әлі де жетілдіруі қажет. Оның үстіне бұл жобамен Есіл өзеніндегі проблемалар түбегейлі шешілмейді. Себебі, өзен күннен күнге ластанып барады - дейді, экологтар.

Лаура Маликова, тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы: 
Есіл өзенінің сапасы 5- класс, өте нашар, ең лас. Себебі, бұл жерге төгінділер бар нешетүрлі кәсіпорындар төгеді. Ал молюскаларға қатысты ғалымдардың ғылыми зерттеуі қажет.  Қосымша бір шешім ретінде қолдануға болады. Бірақ ең басты себеп, ластау көздерін тазалау керек. Су тазалау деңгейін арттыру керек.

Ал егер, жоба қолдау тапса, Есіл өзенін толық тазарту үшін қосжақтаулы ұлудың млн-нан астамы керек. Оған кемі 5-6 жыл уақыт кетеді. Ал дәл қазіргі уақытта экологияның қамын ойлаған жас жеткіншекке білікті ғалымдардың көмегі қажет.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу