Жасырын той өткізгендер ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасырын той өткізгендер ұсталды

09.08.2021

Карантин шаралары күшейтілсе де, тойға тиым болмай тұр. Өңірлерде жасырынып той жасағандар күн сайын жазаға ілігіп жатыр. Мәселен, Оралда тексеріске шыққан мониторингтік топ бір мезетте 4 тойды тоқтатты.

Атыраудағы демалыс үйлерінің бірінде де тойға жиналған 90- ға жуық адам ұсталды. Бұл жолы той өтіп жатқан орынды мониторингтік топ дрон арқылы анықтаған.

Қарағандылық шенеунік той ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатылды. Жер қатынастары басқармасының басшысы қызметін атқарған Қалел Мақсұтов 400-ге жуық адамды жиып, той жасамақ болған. Өңір басшысы облыстағы коронавирусқа қарсы жүргізілген жұмысты еш етті деп экс қызметкерін қатаң сынға алды.

Павлодарда мониторингтік топ 30 шақты адам думандатып жатқан ойын-сауықтың үстінен түскен. Тексерушілерді көрген қонақтар да, жас жұбайлар да сыртқа қаша жөнелген. Бірақ полиция тойхананы қоршап, той иелері мен меймандарды түгелдей тізімге алды. Демалыс күндері Павлодарда карантин талабын бұзған 11 дерек тіркелген.

Елордада да үш күн ішінде 45 мекемеде карантин талаптары бұзылды. Бұл тізімде кафе, бар, түнгі клубтар мен жылдам тамақтану орындары бар. Және есігін жауып, той өткізген мейрамханалар айыппұл төлейді. Бас шаһарда тәулік сайын КВИ жұқтырудың 1200 жағдайы тіркеліп, ауруханаларға күніне 300-ге жуық адам түсіп жатыр.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу