Литвада Тоғызқұмалақ федерациясы құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Литвада Тоғызқұмалақ федерациясы құрылды

05.08.2021

Еуропадан сүйінші. Литвада тұңғыш рет Тоғызқұмалақ федерациясы құрылды. Қазақстанның осы мемлекеттегі елшілігі мен Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының қолдауымен жергілікті мекеме енді қазақтың ұлттық ойынын жаһанға насихаттамақ. Литвада зияткерлік ойынды меңгерсем деушілердің саны күннен-күнге артып келеді. Тақырыпты тілшіміз Нұрсұлу Қасым тарқатады.

Литвалықтардың Тоғызқұмалаққа қызығушылығын арттырған жерлесіміз Нәсіп Қадырбаева. Дипломаттың жары ұлттық ойынды жолдасымен бірге ғаламтордан үйреніпті.

Нәсіп Қадырбаева, дипломаттың жары:
Шетелде жүргенде елімізді сағынып, ұлттық ойынымызды жергілікті халыққа таныстырғымыз келген. Сол мақсатта біз Вильнюстің ескі қаласында орналасқан логикалық ойындар орталығындағы оқушыларды, сонымен қатар, Вильнюс қаласындағы «Сантарас» гимназиясының оқушыларын осы ойынға үйреттік.

Гитис-Нәсіптің ең алғыр шәкірті. 9 жастағы балғынның шебер ойнайтыны сонша, ересектердің өзін шап қаптырады. Тоғызқұмалақты үйренгелі ұялы телефондағы ойындарды ұмытыттым-дейді өзі.

Гитис Карацеюс, Вильнюс қаласының тұрғыны:
Арманым-Тоғызқұмалақтан әлем чемпионы болу. Бұл ойын маған қатты ұнайды. Себебі, менің есептегіш қасиетімді, ойлау қабілетімді арттырды.

Тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Серік Ақтаев 2019-2020 жылдары ұлттық ойынды кәсіби меңгергісі келетін литвалықтарға шеберлік сабағын өткізген. Қазақстан елшілігі литвалық ойыншылар арасында екі рет жарыс ұйымдастырды. Жергілікті «Жара» баспасы ойынның әдістемелік нұсқасын ана тілінде шығарды. Баспа иесі- Жандаристер отбасы-Тоғызқұмалақтың Литвадағы басты жанашыры. Федерацияны құрған да солар.

Айдас Жандарис, Литвадағы Тоғызқұмалақ федерацияның президенті:
Литвада Тоғызқұмалақ федерациясының құрылуына мұрындық болған Қазақстандағы Федерация өкілдеріне, әлемнің үш дүркін чемпионы Серік Ақтаевқа алғысымыз шексіз. Бұл ойын-балалардың арифметикалық ойлауын, ойша есептеу қабілетін арттырады. Шопандардың алгебрасы саналатын Тоғызқұмалақ-интеллектуалды ойындардың төресі. Сондықтан, біз оны кеңінен насихаттауымыз керек.

Айдас Жандарис Тоғызқұмалақтың тақтасын Қазақстаннан тапсырыспен алдырып, жеке дүкенінде сатуға шығарған. Сұраныс көп-дейді. Дәстүрлі тақтадан бөлек онлайн режимде ойнағысы келетіндерге арнайы платформа дайындады. Ендігі көздегені-қазақтың ұлттық мұрасын Еуропаға кеңінен насихаттап, қарт құрлықта Тоғызқұмалақтан Халықаралық чемпионат өткізу.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу