Өңірлерде эпидемиологиялық жағдай күрделі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерде эпидемиологиялық жағдай күрделі

03.08.2021

Елде эпидемиологиялық жағдай қиын. Бұған «Дельта» штамының таралуы себеп. Осы орайда Үкімет отырысына Премьер-Министр Асқар Мамин тиісті ведмостваға халықты вакциналау жұмысын ширатуды тапсырды. Ал Денсаулық сақтау министрлігі тамыз-қыркүйек айларында тәулігіне 7 мыңға жуық адам вирус жұқтырады деп болжам жасады. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Өңірлердегі эпидемиологяилық ахуал көңіл көншітпейді. Науқастар саны күн санап артып келеді. Денсаулық сақтау министрі тамыз-қыркүйекте жұрт карантин шараларын сақтап, екпе алғанның өзінде 250 мыңға жуық адам вирус жұқтырады деп болжам жасап отыр.

 Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
 «Дельта»  штамы Қазақстанда бірінші елордада анықталды. Осыған байланысты, бас қаладағы сырқаттану динамикасын зерттедік. Соңғы екі аптада ауру көрсеткіші бір деңгейде қалып отыр. Ал соңғы аптада жедел жәрдем шақырту 11 пайызға азайды.

Қазақстан 26-маусымнан бері «қызыл» аймақта. Қазір ел бойынша инфекциялық төсек-орынның 56 пайызында, реанимациядағы орындардың 44 пайызында науқастар жатыр. Жағдай қатаң бақылауда. Осы ретте министр тағы 8 млн доза вакцинаны жеткізу бойынша келісім жасалғанын айтты. Бұл 4 млн адамға жетеді. Үкімет басшысы мониторинг топтарының жұмысын күшейтіп, екпені ширатуды тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Пандемиядан шығудың жалғыз ғана жолы бар. Ол – вакцинация. Қазіргі таңда 5,5 млн-ға жуық адам вакцинаның 1-компонентін және 4 млн-ға жуық адам 2-компонентін алды. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Қабылданған барлық карантиндік талаптардың сақталуын қамтамасыз ету қажет. 

Үкімет отырсында карантин кезінде бизнесті қолдау тетіктері тағы бір пысықталды. Бірінші жартыжылдықта «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 334 жоба, жыл соңына дейін 700-ден астам жобаға қолдау көрсетіледі. Ал «Бизнестің жол картасы» шеңберінде 23 мыңға жуық жоба қаржыландырылды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Осы екі бағдарлама аясында 90 мың жұмыс орындары қамтылады. Бүгінгі таңда бағдарламалар аясында кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 1 теңге субсидия бюджетке алты еседен астам салықтық түсімдер түрінде қайтады. Бірлесіп қабылдап жатқан бизнесті қолдаудың дағдарысқа қарсы шаралары өз тиімділігін көрсетті.

Үкімет басшысы «Ashyq» жобасы кәсіпкерлерге карантин жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр деді. Осыған дейін оны рәсімдеу 7 күнге созылса, қазір небәрі 5-10 минутта жүзеге асырылады. Нәтижесінде жобаға қатысушылар саны соңғы аптада 3 есе артты. Қазір «Ashyq»-пен жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер саны 68 мыңға жуықтады.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу