СҚО-да 24 жастағы бойжеткен жеті үйір жылқыны жалғыз өзі бағып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да 24 жастағы бойжеткен жеті үйір жылқыны жалғыз өзі бағып жүр

02.08.2021

Жеті үйір жылқыны жалғыз баққан бойжеткен. Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында тұратын Асыл Ахметова 12 жасынан бері аттан түспей мал бағып келеді. Кейінгі кездері ауылдың шынайы өмірін бейнелеген жылқышы қыздың жазбалары көпшілік қызығушылығын арттыра түсті. Сәйгүлік жаратып, бәйгеге шапқан бойжеткенге сүйсінген шетелдіктер аққайыңдар өлкесіне келуді армандайды.

Үйір –үйір жылқыны алдына салған Асылдың күнделікті тірлігі осы. Жастайынан қылқұйрықты жануардың бабын тапқан бойжеткен қаланы тастап ауылға келгеніне еш өкінбейді.

Эльмира Кәленова, тілші:
Ауылда 7 үйір жылқы бар. Асыл қысы-жазы соның барлығын жалғыз өзі баға береді. Аттың құлағында еркін ойнайтын бойжткен бәйгелерге де қатысып жүр.

Асыл информатика пәнінің мұғалімі. Жұмыстан тыс уақытта жылқы бағып, бие байлайды. Қолы қалт етсе ұлттық дәстүр, туған ауылы жайлы бейнероликтер түсіреді. Мақсаты - қазақтың дәстүр-салтын дәріптеу.

Асыл Ахметова, жылқышы:
Екі атым бар, мұның аты Залетный, екіншісі Джунгли. Бұл менің негізі бәйгеге шабатын атым. Кішкентай кезімнен бастап жылқыға деген бір ерекше махаббатым оянды деп айтса болады. ӨЗім ылғи қастарында жүргім келеді. Бір байланыс болып тұрады арамызда.

Қыстың үскірік аязы мен жаздың аптап ыстығында мал бағу оңай шаруа емес. Дегенмен, жылқы малының қадір- қасиетін танып өскен Асыл бұл кедерлігерді оңай еңсеріп келеді. Асыл үшін үйірдегі әр жылқының орны бөлек. Әрқайсысының мінезін біледі. Себебі құлын кезінен баптаған. Түсірілім кезінде екі бие құлындап жеті үйір жылқының қатары тағы көбейді.

Есенғали Ахметов, әкесі:
Кішкентай кезінен жылқыны жақсы көреді. 5 жасынан бастап, атқа отырғыздық. ӨЗіммен бірге.

Даланың төсінде еркін тыныстаған Асылдың жаны жасандылықты сүймейді. Өзге қыздар сынды опа-далап, әшекей бұйым жылтыраққа қызықпайды. Бастапқыда анасы ерке өскен қызының ер азаматтың жұмысы деп құрық ұстауына қарсы болыпты.

Мәрзия Ахметова, анасы:
Әкесіне тартқан, болмайды жылқы-жылқы деп, барам-барам деп. Сосын енді баланың көңілі қалағасын жарайды дедік. Оқудан келгенде, жол жүріп келденде, жылқыны сұрайды. Үйге кірмесе де сол жылқыға барады бірінші.

Асыл болашақта ауылды дамытып, ұлттық дәсүрді насихаттау үшін туристік орталық ашқысы келеді. Сондай-ақ жылқышы қыз желмен жарысқан сәйгүліктерімен бірге тарихи киноға түсуді де армандайды.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу