Коронавирустың төртінші толқыны тамызда шарықтау шегіне жетеді - Бекшин - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирустың төртінші толқыны тамызда шарықтау шегіне жетеді - Бекшин

29.07.2021

Алматыда тамыз айының ортасында коронавирустың төртінші толқыны шарықтау шегіне жетуі мүмкін. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин осылай дейді. Соңғы аптада Covid-19 жұқтырғандар 1,4 пайызға көбейген. Тұрғындардың басым бөлігі екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптаспаса, ахуал одан сайын ушығады дейді мамандар. Тақырыпты тілші Нұрхан Нұрланұлы толықтырсын!

Мегаполисте жыл басынан бері 76 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Ал бір ғана шілде айында 21 мыңға жуық тұрғын індетке іліккен. Түрлі салада қатаң шектеулер енгізілгенімен, көпшілік ережені елемейді және екпеге жауапкершілікпен қарамайды. Ал бұлай жалғаса берсе, келер айдың ортасына таяу науқастар әлдеқайда көбеюі мүмкін.

Жандарбек Бекшин, Қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері:
Тамыз айында шамамен 34 мыңнан астам адам инфекция жұқтыруы мүмкін. Ал қыркүйек айында ахуал оңалып, көрсеткіш 4 жарым мыңға дейін төмендейді деп жоспарлап отырмыз. Себебі, соңғы аптада «дельта» штамының таралуына байланысты ауру белгілері бар адамдардың үлесі 90,7 пайызға дейін жетті.

Мегаполисте соңғы тәулікте вирус жұқтырған 1450 адам анықталды. Ауруханаларда 4 мыңнан астам адам ем алып жатыр. Қауіпті індеттің кесірі балаларға да тиіп жатыр. Мәселен, қазір оқушылар демалыста болғанына қарамастан, көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 22 есе артқан. Сондықтан, мамандар ата-аналарды сақ болуға шақырды. Ал қала мектептеріндегі мұғалімдер 100 пайыз вакцина алып, жаңа оқу жылында білім алушыларды қабылдауға сақадай сай дайын отыр. Дегенмен, жоғарғы оқу орын студенттерін иммундау ісі баяу. Білім алушылардың басым бөлігі сырттан келетіндіктен, олардың 28 пайызы ғана қамтылған.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:
Қазір вакцина салу қарқыны баяулағаны байқалады. Бұл жұмысты күнделікті қадағалап отырмыз. Ауруханаларға түсіп жатқан науқастардың 99 пайызы екпе алмағандар. Ол бізге не үшін қажет? Қалыпты жағдайға қайта оралу үшін барлығымыз вакцина салдыруымыз керек. Тұрғындарды соған шақырамын.

Ахуалды тұрақтандыру үшін екпе қарқынымен қатар, шектеу шараларын да күшейту маңызды. Сондықтан, қаланың бас санитар дәрігері жаңа қаулы әзірлеп жатыр. Құжатқа сәйкес, «Ashyq» жүйесін енгізбеген мекемелердің қызметі тоқтатылады. Қаулы 2 тамыздан бастап 16 тамызға дейін жарамды болмақ.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу