Түркістан облысы Сайрам ауданында жаппай екпе салдырған ұстаздар жаңа оқу жылына дайын. Мектеп қабырғасында сабақ өткізу үшін қауіпсіздік шараларын мықтап қолға алған мұғалімдер қыркүйек айында оқушылармен қайта қауышатындарына сенімді. Өңірдің өзге аудан-қалаларында да білім саласы қызметкерлері жаңа оқу жылына дайындықты пысықтауда. Тілші тарқатады.
Жаңа оқу жылының басталуына бір-ақ ай қалды. Осыны ескерген Сайрам ауданындағы мектеп-гимназиясында дайындық қызу. Санитарлық талап бойынша енді бар партада бір оқушы отырады. Мұғалімдер болса демалыс уақытын тиімді пайдаланып, жаппай вакцина алған.
Шахноза Тохтаматова, мұғалім:
Қашықтықтан оқығанымыз кезінде оқушылар да, мұғалімдер де барлығы интернетке байланысты біраз қиындықтар туындаған. Оқушылардың білім сапасы төмендеп барды. Енді 2021-22 оқу жылында барлық оқушылар офлайн жүзінде мектепке дәстүрлі сбақ оқығанын қалаймыз.
Мектепте 123 маман болса, оның 109-ы вакцина салдырған. 19 мұғалім бала күтіміне байланысты демалысты болғандықтан, уақытша екпе алмаған.Жалпы Сайрам ауданы бойынша бүгінде 19 мыңнан астам азамат коронавирустық инфекцияға қарсы екпенің екі компоненті алған. Оның ішінде ұстаздар қауымы ерекше белсенді дейді дәрігерлер.
Төлеген Құралбаев, Сайрам аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
Білім саласының қызметкерлері денсаулығына байланысты қарсы көрсетпелері бар, жүктілігіне байланысты, емізетін балалары барларды қоспағанда 100 процент вакцина салумен қамтылып отыр. Мысалы, бізге бекітілген аймақ бойынша 4,5 мың.
Яғни, аудандағы жеті мыңнан аса ұстаз ресейдің «Спутник V» вакцинасын қабылдаған. Бүгінде бірінші сыныпқа келетін оқушылардың құжаттары онлайн режимде қабылданып жатыр. Биыл 70 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ.
Мадияр Оразалиев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары:
Офлайнға санитарлық нормалардың барлығын сақтап, мектепке кіретін жерде дизбарьер бар, тоннельдер бар, ішінде антисептик бар, бүкіл мектепте дәрігерлер отырып, кірген мұғалімдер мен оқушыларды барлығын тепловизормен тексеріп жәнеде бетперде маскасыз келгендерді кіргізбеуге барлық жұмыстар жасалады.
Бүгінде Сайрам ауданы халқының жартысынан астамы вкцинациялаудан өткен. Мамандар иммундау шарасына қатысуға ниет білдіргендердің саны күн санап артып отырғанын айтады.
Айнұр Ақбаева