Қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланған Арал ауданына көмектің алдыңғы легі келді. Шалғайдағы Сексеуіл кентіне 34 тонна жем жеткізілді. Мал азығы кімдерге үлестірілді? Әділбек Серікұлы баяндайды.
Тоғыз жолдың торабында ораналасқан Сексеуіл станциясындағы қоймаға жиналған қарашаның қарасы қалың болды. Көпшілік келген жемнен үлесін алуға ұмтылды. Бірақ ауыл ақсақалдары бірінші кезекте алатындардың тізімін әлдеқашан бекітіп қойған. Еріктілер сол тізім бойынша үй-үйді аралап, мал азығын тұрғындарға таратты.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Аралға жеткен жәрдемнің алғашқы легі Сексеуіл кентіне жетті. Мына қапқа тиелген жем ең әуелі тұрмысы төмен отбасыларға үлестірілді. Яғни, әр үйге 200 келі жемнен берілді.
Қоғамдық кеңестің талабы бойынша тегін жем мыңғырған малы барларға емес, қорасында азын-аулақ төрт-түлік ұстаған, бірақ тұрақты жұмысы жоқтарға берілді. Осылайша, елді мекендегі мал азығынан тарыққан 112 отбасы жеммен қамтылды.
Байболат Кәбетов, ауыл тұрғыны:
Зейнетке әлі 2 жыл бар. Жұмыс істемеймін. Мал бар. екі түйе, бір сиыр. Мына жәрдемдесіп жатқанына рақмет.
Нағи Оразбаева, ауыл тұрғыны:
Қуаңшылық кезде ауылымыздың қамын ойлағандарыңа мыңда бір шүкір. Бақытты болыңдар. Ана жетіде шөп алдым. Енді, міне, жем алдым.
Жалпы қор есебінен ауданға 900 тонна жем жеткізілмек. Оған үш нүкте бекітілген. Арал қаласы, Қамыстыбас және Сексеуіл станциялары. Жалпы тегін мал азығы ауыл-аймақтағы 1500-дей отбасыға берілетін болады. Сондай-ақ, шөп тасымалына берілетін қаржы мәселесі де шешімін тапты.
Еркін Әбішев, Арал ауданы әкімінің орынбасары:
Жанар-жағармайға байланысты облыстық бюджеттен 49,5 миллион теңге бөлінді. Қазір қаулысы дайын. Ертең ауданға аударған жағдайда, біз тасымалдың шығынын көтереміз. Яғни, 100 шақырымға 40 литр солярка есептеп отырмыз. Тасымалын көтерген жағдайда баға түседі.
Мұнан бөлек, төтенше жағдайға бөлінетін қаржы есебінен қу тақырға айналған жайылымдардан 15 жер асты су ұңғымасы қазылады. Аудан басшылары көп ұзамай бұл жұмыстар да басталады деп отыр.
Әділбек Серікұлы