Маңғыстау облысында жаңадан сайланған ең жас әкім 26 жаста - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында жаңадан сайланған ең жас әкім 26 жаста

26.07.2021

Ауыл әкімдерін сайлауда тұрғындар ерекше белсенділік танытты. Сайлаушылар эпидемиологиялық ахуалға қарамастан саяси науқанға бір кісідей атсалысып, жоғары нәтиже көрсетті. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында дауыс берушілердің 91 пайызы өз таңдауын жасаған.

Маңғыстау облысында жаңадан сайланған ең жас әкім 26 жаста. Ол екі қарсыласынан оза шауып, Онды ауылына басшы болды. Жалпы аймақта 14 мыңнан астам сайлаушының 82,4 пайызы саяси науқанға қатысқан. Бейнеу ауданы 87,27 пайызбен ең жоғары көрсеткіш көрсетті. Ал, ең төмен нәтиже Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында - 78,5 пайыз.

Асқар Рзаханов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
Өткен сайлаудың басты ерекшеліктерінің бірі – бюллетендерде «барлығына да қарсымен» деген бағанның болуы. Бүкіл Маңғыстау облысынан қатысқан сайлаушылардың ішінде 279 адам барлығына қарсы дауыс берді. Дауыс беру күні сайлау комиссияларына келіп түскен өтініштер мен шағымдар болған жоқ.

Ақмола облысында сайлаушылардың 75,7 пайызы өз таңдауларын жасады. Нәтижесінде 95 әкім сайланды. Оның 50-і қазіргі уақытта әкім қызметін атқарып жүргендер, 45-і жаңадан тағайындалды. 15-і әйел адам. Әкімдер ертеңнен бастап қызметтеріне кіріседі. Облыста сайлаушылардың 100 пайыз даусын жинаған кандидат бар.

Манарбек Сәдуов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
Облыста сайлаушылардың 100 пайыз даусын жинаған кандидат бар. Егіндікөл ауданы Абай ауылының тұрғындары бір үміткерге ғана дауыс берген. Ал Степногорск қаласына қарасты Бөгенбай ауылдық округінде 1 ғана дауыс айырмашылығы болды. Бір кандидат 134, екінші үміткер 133 дауыс жинаған.

Солтүстік Қазақстанда 70 ауылдық округ пен 1 аудандық маңызы бар қалаға әкім сайланды. Жеңіске жеткендердің көбі- мемлекеттік қызметшілер. Жаңа қызметке ие болғандар арасында уақытша жұмыссыздар да бар. Сайланған әкімдердің ең жасы 30-да болса, ең үлкені 62 жаста.

Қостанай облысында ауыл әкімдерінің сайлауына сайлаушылардың 84,4 пайызы қатысты. Осылайша құрамына барлығы 168 елді-мекен кіретін 65 ауылдық округтің әкімі сайланды.

Түркістан облысында өзін-өзі ұсынған 17 үміткер ауыл әкімі болып сайланды. Ал қалғаны әр түрлі саяси партиялардың атынан түскен кандидаттар. Яғни, «Nur Otan» партиясынан – 41, ал «Ауыл» мен «ADAL» саяси партиясынан бір-бір үміткер жеңімпаз атанған. Дауыс беруге мүмкіндігі бар 265 мың сайлаушының 79% өз таңдауын жасады.

Шығыс Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы жоғары деңгейде өтті. Округтар бойынша сайлаушылар тізімінде 111 мыңнан астам адам болған. Олардың шамамен 91 пайызы дауыс берді.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу