Өңірлерде сайлау барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталған жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерде сайлау барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталған жоқ

25.07.2021

Жер-жерде өтіп жатқан ауыл әкімдерінің сайлауы әділ әрі заң талаптарына сай өтуін 4 мыңдай тәуелсіз байқаушылар бақылады. Әрбір сайлау учаскесінде әкімдікке түсіп жатқан кандидаттың сенімді өкілі мен тәуелсіз байқаушылар бекітілген. Кіші саяси дода барысында бұрмалаушылық деректер тіркелмеді.

Қостанай облысында 65 ауылдың әкімі жаңадан сайланады. Өңірде барлығы 173 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Дауыс беру құқығына ие тұрғындардың саны 47 мыңнан асады. Сайлаудың заң талаптарына сай өтуін аймақта төрт жүзден аса байқаушы қадағалауда.

Болат Қалиев, Сайлауды партиялық емес бақылау орталығының Қостанай Оф төрағасы:
Сайлау учаскелерінде біздің байқаушыларымыз ашылған сәтінен бастап өз міндеттерін атқарып жатыр. Дәл осы уақытқа дейін сайлау процесін бұзу әрекеттері тіркелген жоқ. Әрі қарай осы байқау жұмысын жүргізетін боламыз.

Ал Атырау облысында ауыл әкімдерін сайлау барысын 150-ге жуық байқаушы назарда ұстап отыр. Олардың айтуынша өрескел заң бұзушылықтар тіркелмеген.

Дәурен Сейітқалиев, «Партиялық емес байқау орталығы» Атырау облысы филиалының басшысы:
40 пайызға жуық халық өздерінің сайлау учаскелеріне дауыс беруде. Бәрі белсенді қатысып жатыр. Заң бұзушылықты байқаған жоқпыз. Санитарлық нормаға сәйкес учаскелердің барлығы жабдықталған.

Павлодар облысының 130 елді мекенінде сайлау өтіп жатыр. Додаға түскен 142 үміткердің арасынан 44 ауыл әкімі сайланады. Саяси науқанның өту барысын саяси партия, жеке үміткерлердің сенімді өкілдері және тәуелсіз қоғамдық ұйымдардан 400-ден аса байқаушысы қадағалап отыр.

Алма Қозыбаева, «Партиялық емес байқау орталығы» облыстық филиалының жетекшісі:
Қазіргі кезде ешқандай қателіктер немесе бұзушылықтар анықталмағаның және біздің еліміздің тұрғындарына белсенді қатысып отырғандығын бақөылап отырмыз. Сайлау ешқандай бұзушылықсыз өту керек деген мақсатымызбен осындай үлкен жұмысқа шығып отырмыз.

Ақтөбе облысында тіркелген байқаушылардың 80 пайызы екпе алған. Қалған 20 пайызы ПТР тест тапсырып, сайлау барысын қадағалауға рұқсат алған.

Ерәділ Үббіниязов, облыстық Партиялық емес бақылау орталығының төрағасы:
Партиялық емес бақылаушыларды, 480 астам байқаушыны дайындадық.Осы тұрғанда 480 бақылаушымыз сайлауға қатысып, бақылап жатыр. Соның 73 сайлау учаскесі бар, белсенділігі Ақтөбе облысы бойынша астана уақытымен 12:00 ге де 35, 75 пайызы дауыс берді.
Жанат Мұхамеджанов, облыстық Партиялық емес байқау орталығының төрағасы:
Сайлау барысын біз екі тәсілмен қадағалап жатырмыз. Ұзақ мерзімді, екіншісі қысқа мерзімді. Осы сағатқа келіп түскен мәлімет бойынша ешқандай заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Бұл сайлауға бізден басқа тағы да қоғамдық бірлестіктер, партиалардың бақылаушылары да қатысып отыр. Халық белсенді түрде бүгінгі күні міне сайлауға келіп отыр.

Сыр өңірінде Елді мекен тұрғындарының 70 пайыздан астамы өз таңдауын жасап үлгерген. 54 сайлау учаскесінде 313 байқаушы бақылау жүргізіп отыр.

Ал дауыс беру Елорда уақытымен 20:00 де аяқталды.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу