Түркістан облысының сайлаушылары бүгін ауыл әкімі болуға үмітті 166 кандидаттың арасынан өз таңдауларын жасады. Халықтың ашық дауыс беруі арқылы енді 60 ауылдың әкімі сайлау жолымен билікке келмек. Ел басқарудан үмітті азаматтардың ең көбі Сарыағаш ауданында тіркелсе, ал сайлаушылар саны бойынша Келес ауданы көш басында тұр.
Анарбаевтар отбасы күн жексенбі болғанына қарамастан бүгін әдеттегіден ерте оянды. Отағасы мен ұлы екеуі қорадағы малды жылдамдата өріске айдап, қолдағы бұзау торпақты арқандап шықты. Таңертеңгілік шәй басында бүгін сайлау екені және ауылдың болашағына ортақ таңдау жасаудың маңызы айтылды. Ынтымағы жарасқан отбасы мүшелері сайлау учаскесіне бірге барып, өз таңдауларын жасады.
Дәулет Анарбаев, ауыл тұрғыны:
Ер үстінде ұйықтай алмасаң атқа мініп нең бар, халық қамын жей алмасаң әкім болып нең бар.» Сондықтан елдің билігінің тізгінін ұстап жатқан әкім мырзалар жалпы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ат салысады деген үлкен үмітіміз бар.
Жалпы Түркістан облысы бойынша 1 миллион 160 мың азамат дауыс беру құқығына ие. Олардың арасында алғаш рет сайлауға қатысып, дауыс беріп жатқандары бар. Солардың бірі Ақбибі Жайлаубаева. Өз қатарластары секілді жайлы өмірді қаладан емес, туған жерден іздеген ол сайлауда дауыс беру арқылы ауылымының болашағы мен кемел келешегінің бағдарын айқандадым,-дейді.
Ақбибі Жайлаубаева, жас маман:
Өз таңдауымды жасадым. Ауыл әкіміне көп сенім артып отырмыз. Ауылымызды көркейтеді, жастарымызға қолдау көрсетеді деген мақсатта.
Сайлауға қатысуға ниет білдіргендердің ішінде ең көбі мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері. Сондай-ақ олармен бірге кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар мен жұмыссыздар да ел басқарудан үмітті.
Ғани Қалмаханов