Аймақтарда сайлаудың алдын ала қорытындылары да белгілі бола бастады. Әсіресе, Қостанай, Солтүстік қазақстан облыстарының белсенділігі жоғары болған. Саяси науқан барысында әзірге өрескел кемшіліктер мен құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ.
Ақтөбе облысында 34 ауылдың әкімі сайланады. Барлығы 107 кандидат тіркелген. Яғни, орта есеппен бір орынға 3 үміткерден келеді. Әсіресе Шалқар, Қарғалы, Хромтау аудандары тұрғындарының белсенділігі жоғары. Сайлаушылардың жартысына жуығы түске дейін таңдауын жасап үлгерген.
Шыңғыс Нұржігіт, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі:
11 433 адам дауыстарын берді. Олардың ішінде ең көбі Шалқар ауданында. 59,9 пайыз.Хромтау ауданында 41,9, Қарғалы ауданында 44,7, Әйтеке би ауданында 36,9 және Мәртөк ауданында 41,1 пайызы дауыстарын беріп үлгерді.
Қарағанды облысында сайлау барысын 391 байқаушы қадағалауда. Қазірге дейін қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарды бұзу деректері тіркелмеді.Сайлау комиссияларының мүшелері коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алған. Дауыс беру барысында өрескел кемшіліктер жіберілген жоқ.
Ерқара Аймағамбетов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
Әрбір әкім лауазымына 4-5 үміткерден тіркелген елді-мекендер бар. Мысалға, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарында осындай көрсеткіш тіркелді. Ең жоғары белсенділік Ұлытау, Қарқаралы, Осакаров аудандарында байқалады. Сайлау жоғары деңгейде өтіп жатыр деп есептеймін.
Күндізгі сағат 4-ке дейін Павлодар облысындағы дауыс берушілердің 55 пайызы өз таңдауларын жасады. Тұрғындар 142 үміткердің арасынан 44 ауыл әкімін сайлайды. Олардың 52 саяси партиялардан, 90 адам өзін-өзі ұсынған. Әкім болудан дәмелі азаматтардың ең жасы 25 те, ал, ең егде кандидат 60-тан асқан.
Гүлнар Аманжолова, облыстық аймақтық сайлау комиссиясының төрайымы:
Дәл қазіргі уақытта сайлау заңының бұзылғандығы жөнінде бірде-бір дерек тіркелген жоқ. Байқаушылар облыстың барлық сайлау учаскелерінде жұмыс істеп жатыр.
Солтүстік Қазақстанда сағат 16.00-ге дейін сайлаушылардың 70 пайыздан астамы өз таңдауын жасап үлгерді. Өңірде 60 мың адам дауыс береді. Саяси науқан барысында санитарлық және құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында 500-ден астам полиция қызметкері кезекшілік атқаруда. Ал сайлаудың әділ өтуін 522 бақылаушы қадағалайды.
Жақсыбек Кемал