Олимпиада 2020: Қазақстан қоржынына екі медаль түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиада 2020: Қазақстан қоржынына екі медаль түсті

25.07.2021

Токио төріндегі жазғы Олимпиада ойындары қыза түсті. Қазақстан қоржынына екінші медаль түсті. Кеше дзюдошы Елдос Сметов қола жүлдеге ие болып, ел мерейін үстем еткен болатын. Бүгін зілтемірші Игорь Сон өз салмақ дәрежесінде үздік үштікті қорытындылады.

Күншығыс еліндегі дүбірлі додаға үкілеп қосқан спортшыларымыздың аяқ алысы жаман емес. Алғашқы медальды Қазақстан қоржынына дзюдошы Елдос Сметов салды. Қола жүлдені сарапқа салған палуанымыз нидерландық спортшыдан басым түсті. 60 келі салмақта жеңімпаз қосымша уақытта анықталып, Елдос «ваззари» ұпайын иеленді.

Елдос Сметов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері:
Елімізде алтын медальдар көп болсын. Ертеңгі жарысқа, додаға түсетін бауырларымызға қолдау көрсетіп, дұғаларыңызды жасап отырыңыздар!

Бүгін Токио төрінде Қазақстан екінші медальды қанжығаға байлады. Қоржында тағы бір қола жүлде бар. 61 келі салмақтағы зілтемірші Игорь Сон қоссайыстың нәтижесімен 294 келіні бағындырды.

Игорь Сон, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері:
Қазақ еліне үлкен қолдауы үшін ризашылығымды білдіремін. Мен үшін оның маңызы зор болды. Бұл менің ірі жарыстарда көрсеткен ең жақсы нәтижем. Алға, Қазақстан!

Бүгін дзюдо, теннис, стендтік ату, семсерлесу, ескек есуде жерлестеріміз жарыс алаңына шықты. Ал каноэші Александр Куликов жартылай финалға жолдама алды. Бокшы Закир Сафиуллин де алғашқы жекпе-жегін жеңіспен аяқтап, қазақ жұртына үміт сыйлап отыр. Былғары қолғап шебері 63 келіде перулік қарсыласынан басым түсіп, 1/8 финалға жолдама алды. Осы орайда айта кетейік, қазақстандық боксшылар 8 салмақта бақ сынайды. Жалпы күншығыс еліне 97 спортшы аттанған болатын.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу