Қостанайлықтар 65 ауылдың әкімін сайлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайлықтар 65 ауылдың әкімін сайлады

25.07.2021

Қостанай облысында жергілікті тұрғындар 65 ауылдың әкімін сайлады. Өңірде барлығы 173 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Дауыс беріп, өз таңдауына жасау құқына ие азаматтар саны 47 мыңнан асады. Ауыл тұрғындарын қандай мәселелер мазалайды, көпшілік бүгінгі сайлаудан не күтеді? Дәуренбек Әбдібектің репортажы.

Бұл Әулиекөл ауданына қарасты Первомай ауылы. 87 жастағы Валентина Калинова ауыз суды үйінен жарты шақырым қашықтағы құдықтан тасуға мәжбүр. Қостанай ауданына қарасты Садчиков ауылының тұрғындары да ауыз суды тасып ішеді. Орталықтандырылған желі тартылмаған. Ауылда тұрғанмен мал өсіру де қиындап барады.

Ғазез Ділдабеков, Садчиков ауылының тұрғыны:
Мал ұстағылары келеді бәрі. Бірақ жайылым жоқ. Жағалай егін. Ауылдағы ірі шаруашылықтардың өзі қамап ұстайды малын.

Садчиков - Қостанай облысындағы әкімдерін тұрғындары сайлап жатқан 65 ауылдың бірі. 3 мыңнан аса адам тұрады. Соның 1 600-ден астамы дауыс беру құқына ие. Осы жердің байырғы тұрғындарының бірі Балға Сейіткереев өз таңдауын жасау үшін сайлау учакесіне бет алып келеді. Қария өз дауысын үш кандидаттың ішінен осы ауылда тұратын азаматқа беруді шешіпті.

Балға Сейіткереев, Садчиков ауылының тұрғыны:
Осы ауылдың баласы ғой қолымызда өскен. Білмеген жері болса айтамыз, көмектесеміз.Жұмысты істеп ауылды бұдан да жақсартады деп үміттенеміз. Су тартып берсе дейміз.

Осылайша ауылдағы ағайын бүгінгі сайлаудан оң өзгеріс күтеді. Орталықтандырылған су желісін тарту, жайылым, жолдарды жөндеу тәрізді қордаланған мәселелерді шешуге серпін береді деп үміттенеді. Сондықтан саяси науқанға белсенді атсалысып жатыр. Жалпы Қостанай облысында 147 канидат тіркелген. Оның 60-сы саяси партиялар атынан додаға түссе, 80-нен астамы өзін-өзі ұсынғандар.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу