Алматы облысында 71 ауылдық округтің әкімі сайланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 71 ауылдық округтің әкімі сайланады

25.07.2021

Алматы облысында да ауыл әкімдерін сайлау басталды. Жетісу өңірі бойынша бұл саяси науқан 71 ауылдық округте өтеді. Аймақта дауыс беру барысы қалай жүзеге асып жатыр?

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Алматы облысында 220 мыңнан астам сайлаушы, 238 кандидат тіркелген. Ауыл әкіміне үміткерлердің 154-і өзін өзі ұсынғандар екен. Ал біз қазір Іле ауданына қарасты Чапай ауылындағы номері 414 сайлау учаскесінде тұрмыз. Бұл округте осындай 3 дауыс беру орны жұмыс істеп тұр. Елдімекендегі сайлау учаскелері таңғы 7.00-де ашылып, тұрғындар осындай маңызды кезеңде өз таңдауын жасауға таң атпастан көптеп келіп жатыр. Мұнда 12 мыңға жуық тұрғын болса, солардың 6 жарым мыңнан астамы дауыс беруге құқылы.

Ал бұл округтің әкімі атануға төрт үміткер тіркелген. Олардың екеуі Нұр-Отан және Адал партияларының өкілдері болса, тағы екі үміткер өз-өздерін ұсынған. Олар бұған дейін тұрғындармен жүздесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Бағдарламаларында ең алдымен округтегі жол, су, жұмыспен қамту, әкімдік қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру сынды мәселерді оңтайлы шешуді назарға алып отыр.

Ал елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты дауыс беру орындарында санитарлық талаптар қатаң сақталған. Кіреберісте міндетті түрде келушілердің дене қызуы өлшенеді, санитайзерлер қойылған және арақашықтық сақталуда. Ал комиссия өкілдері мен бақылаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері дауыс беру орындарына кіру үшін вакцина паспортын немесе ПТР анықтамасын көрсетуге міндеттелген. Мамандардың айтуынша, әзірге барлығы талапқа сай, сайлау учаскелерінде жұмыс істейтіндердің 95 пайызы вакцина алған, ал екпе алуға денсаулығы жарамайтындар ПТР анықтамаларымен келген.


Хабарламаларға жазылу