Арыста адасып қалған балалардың барлығы ата-аналарына тапсырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыста адасып қалған балалардың барлығы ата-аналарына тапсырылды

25.06.2019

Бірер сағат бұрын Үкімет отырысында Ішкі істер министрі осылай деді. Әлеуметтік желі арқылы, арнайы құрылған штаб жұмысының арқасында сәбилерді дін-аман отбасына жеткізіп беруде.

Әке мен баланың, бала мен ананың табысқан сәті. Арыста бұл күні мұндай көрініс аз болмады. Өйткені, бір-бірінен көз жазып, адасып қалғандар тым көп болды. Бірақ, қайырымды, қамқор жандардың арқасында сәбилер отбасына дін-аман табысталып жатыр.

Ал мына ата-ана сәбиін түнде бірақ тапты. Оған дейін балаға қаланың бейтаныс тұрғындары қараған.

Арыстағы қайғылы жайт қазақтың қанына біткен асыл қасиетін көрсетті. Біреуі барлығы үшін, барлығы біреу үшін жүгірді. Нәтижесінде, көз жазып, адасып, жоғалып қалғандар көп кешікпей табысып, қауышты. Әлеуметтік желілер арқылы шұғыл топтар ашылып, ақпараттың барлығы дереу жарияланып отырды. Балалармен қатар үлкендер де, әсіресе, қарт адамдар жақындарынан көз жазып қалған. Еріктілер тобы мен арнайы штабтар құрылып, адасып қалғандарды туған-туысқандарына табыстыру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Ал Білім және ғылым министрлігі апат салдарынан эвакуацияланған 1149 бала ата-анасымен қауышқаны туралы ақпарат таратқан болатын. Ал алматылық Садық Шерімбек есімді азамат ортақ база жүйесін құрған. Бұл жүйе мәліметті бір жерде топтастырып, жоғалғандарды шұғыл табуға мүмкіндік бермек.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу