Қызылорда облысында ауыл әкімі атануға 131 кандидат тіркеуден өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында ауыл әкімі атануға 131 кандидат тіркеуден өтті

23.07.2021

Қызылорда облысы Арал ауданында 12 ауылдық округте әкім сайланады. Елді мекен басқаруға ниет білдіргендер көп, бәсекелестік жоғары. Ал қуаңшылықтан қысылған теңізді өлке халқы алдағы саяси науқаннан жаңа серпіліс күтеді. Аралдық сайлаушылардың талап-тілегін аймақтағы тілшіміз Әділбек Серікұлы тыңдап қайтты.

Қыр беткейдегі ірі ауылдардың бірі - Шижаға. Мұнда екі мыңнан аса халық тұрады. Кезінде көл көсір қой өсірген елді мекен. Тұрғындар әлі күнге дейін төрт-түлікпен күнелтіп келеді. Бүгінде үлкен ауылда шешімін таппаған мәселе жетерлік. Оған қоса, биылғы құрғақшылық та шаруаға қатты батып тұр. Сондықтан, шижағалықтар әкім сайлауына түскен азаматтарға артылар жауапкершілік жүгі мол дейді.

Бақытжан Сыматуллаев, Шижаға ауылының тұрғыны:
Әкімге шешетін мәселе көп мына ауылда. Мынау енді балабақша салса, ауылға газ келсе, мынау жолдан көмектессе. Қыс болсын, жаз болсын тас қараңғы жер келе алмайды. Осының бәрін ұйымдастырып шешсе, әкімнің жұмысы ғой.

Шижағадағы сайлау учаскесінде 1200 жуық сайлаушының дауыс беруге құқығы бар. Халық үш үміткердің бірін таңдайды.

Әділбек Серікұлы, тілші:
Жалпы Арал ауданында ауыл әкімі атануға 43 өтініш түскен. Соның 33-іне заң талаптарына сәйкес кіші саяси додаға қатысуға рұқсат берілді. Үміткерлердің құжатын тексеру барысында ештеңеден қаймықпай, заңсыз әрекетке барғандар да болды. Мәселен, екі кандидатта оқу орнын тәмамдағаны жөнінде жалған диплом жасатқаны анықталған.

Жалған құжат өткізгендер дереу сайлаудан шеттетілді. Сондай-ақ, тағы 8 кандидат құзырлы органдардың тексеруінен сүрінді.

Махамбетжан Балманов, Арал аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
Кейбіреулері болды мемлекеттік қызметкерлердің өзін өзі ұсынған. Олардың еңбек өтілдері сәйкес келмей қалды. Олар алынып тасталды. Үш төрт кандидат өзінің және әйелінің декларациясында жіберген қателіктерге байланысты төрт адам алынып тасталды.

Жалпы облыс бойынша 40 ауылдық округте әкім сайлауы өтеді. Оған 151 кандидат тіркелуге өтініш берген. Қазіргі таңда, ауылбасы атануға сүзгіден өткен 131 үміткер үмітті.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу