Алматыда халықтың 91%-ы орталық су желісіне қосылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда халықтың 91%-ы орталық су желісіне қосылған

22.07.2021

Алматыда 1,8 млн тұрғын орталықтандырылған су желісіне қосылған. Бұл қалалықтардың 91%-ы . Ал жеке ұңғымалар халықтың 7%-ын сумен қамтиды. Бұл туралы шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев тікелей эфирде өткен кезекті онлайн-презентацияда айтты. Әкімнің сөзінше, қалаға кейіннен қосылған аумақтарда инженерлік инфрақұрылым болмаған немесе жекеменшікте болған. Сондықтан, мәселені оңтайлы шешу үшін «Жаңа Алматы» кешенді даму жоспары жүзеге асырылып жатыр.

Биыл 24 шағын ауданда 140 шақырым суды бұру желілері салынып, 23 мыңдай үйге қосылады деп жоспарланған. Ал өткен жылы 18 шағын аудан мен Жетісу ауданының 89 көшесіне, яғни 60 мыңға жуық жеке үйге 160 шақырым су құбыры тартылды. 140 шақырым кәріз желісі салынған. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші бойынша жоспарда болмаған шағын аудандарға да су құбырлары тартылып жатыр.

Екатерина Котова, Наурызбай ауданының тұрғыны:
Біз тұратын Бозторғай көшесіне су құбырын тарту әкімдіктің жоспарында болмаған. Біз шаһар басшысына хат жазып, көмек сұрадық. Мамандар көпке созбай үнімізге құлақ асып, бірден құрылысты бастап кетті. Әйтпесе, мүлдем ауыз сусыз қалатын едік. Қазір мәселеміз шешілді. Өте қуаныштымыз.

Қаланың жоғарғы бөлігінде су тапшылығы байқалады. Осыған байланысты 3 су жинайтын нысан салу көзделіп отыр. Қазір Наурызбай ауданында тәуліктік қуаты 15 мың текше метр болатын «Қарғалы» нысанының құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, 22 мың текше метрге арналған «Ақсай» және қуаты 9 мың текше метрлік «Ерменсай» су құрылымдарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу ісі аяқталуға жақын.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:
Қарғалы-2, Ақсай мен Ерменсайдың қуат күші артығымен есептеліп отыр. Мысалы, Ақсайдағы судың көзімен өзіміздің аудандарды ғана емес, Алматы облысындағы біраз елдімекенді қамтитын боламыз. Өзіміздің халық тұрып жатқан. Қасынан өтіп жатқаннан кейін оларды да қосуға мүмкіндік жасап жатырмыз.

Шаһардағы 23 шағын ауданда жалпы ұзындығы 170 шақырым болатын су желілерінің құрылысы жалғасып жатыр. Сондай-ақ, 398 шақырымнан астам инженерлік инфрақұрылым жүргізу жобасының сметалық құжаттары әзірленген.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу