Оңтүстік жұрты Маңғыстауға 110 тонна шөп жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік жұрты Маңғыстауға 110 тонна шөп жіберді

21.07.2021

Қуаңшылықтан тірлігі шатқаяқтаған Маңғыстау облысындағы ағайынға Түркістан облысындағы Ордабасы ауданының жұртшылығы қол ұшын созып, 110 тонна шөп жіберді. Бұл іске «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы, Ордабасы ауданы əкімдігі, мəслихат депутаттары мен кəсіпкерлер де қолдау көрсетті.

Ер еңбекте, елдік қиындықта сыналады. Оны жеңетін ынтымақты іс, шынайы жанашырлық. Арыстағы жарылыс пен Мақтаралдағы су тасқыны кезінде мұны айырықша сезінген Оңтүстік жұртшылығы маңғыстаулықтарға көмектесейік деген бастаманы бірден қолдады. Бірі жиып қойған жоңышқасын, енді бірі ақшасына шөп сатып əкеп беруде. Шамасы келгені көлігі мен қаржысын да аяп жатқан жоқ.

Ғалымжан Нартайұлы, ауыл тұрғыны:
Қазақта былай айтады: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Ауызбіршілік, ынтымақ болса мұндай нəрсенің талайынан өтеміз. Бұл жерде ауыл жанашырларының жақсылығын көрсететін іс болып тұр.

Үлкендердің мұндай бастамасына əсіресе жастар күш-қайратымен қолдау көрсетуде. Мыңнан астам ерікті сығымдалған шөпті егістік басынан автокөліктермен станцияға жеткізу, оны вагондарға тиеу жұмысына білек сыбана кіріскен.

Еркебұлан Мадиярұлы, ерікті жастар қозғалысының жетекшісі:
Ол жақта біздің əріптестеріміз бар, республика көлеміндегі жетекшілер бар. Сол жақтан күтіп алатын болады. Таратуға, шөпті арту, түсіріп алу, бөліп беру, үйлестіру жұмысына атсалысатын болады.

Ордбасы ауданы бойынша 85 мың гектар суармалы жер болса, соның 70 процентіне мақсары, жүгері, бидай, арпа мен жоңышқа секілді мал азығы егілген. Одан жиналатын өнімнің үштен бірі ішкі қажеттіліктен артылып, қысқа қосымша қор ретінде жиналмақ.

Əбілдə Əлібеков, Ордабасы ауданы əкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Əлі де жөп жинау жалғасуда. Аудан бойынша 5 жерде осындай бекеттер ашылған. Сол жерге əркім өзі ерікті түрде келіп, мал азығын жинауда.

Төрт вагон жоңышқа Маңғыстау облысының Жетібай, Құрық жəне Шетпе станцияларына дейін жеткізіліп, Түпқараған мен Қарақия аудандарының жұртшылығына үлестеріліп беріледі. Бұл жұмысты жергілікті жердегі қоғамдық ұйымдар бақылауына алмақ.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу