Еуропада су тасқыны құрбандарының саны 188-ге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада су тасқыны құрбандарының саны 188-ге жетті

19.07.2021

Еуропаның бірнеше елінде соңғы 60 жылдағы алапат тасқыннан қаза тапқандардың саны 188-ге жетті. Құрбан болғандардың 157-cі - Германия тұрғындары. Табиғи апат елдің Рейнланд-Пфальц, Солтүстік Рейн-Вестфалия және Саар федералды жерлеріне қатты соққы берген. Бұл өңірлерде бір тәулікте жауын-шашынның екі айлық мөлшері жауды.

Үздіксіз жауған нөсер соңы Германиямен көршілес Австрияда тасқынға ұласты. Елдің Зальцбург жерінде Халлайын қаласын су басып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген.

Толассыз жауған нөсерден кейін Италияның бірнеше өңірінде тасқын жүрді. Табиғи апаттан, әсіресе, Сицилия аралы зардап шекті. Ауа-райын бақылаушылардың мәліметінше, елдің солтүстігіндегі Оңтүстік Тирольда соңғы тәулікте рекордты мөлшерде жауын жауған.

Ал, Үндістанда лай көшіп, 30 адам қаза тапты. Оқиға елдің Махараштра штатының астанасы Мумбаи қаласында болған. Тағы бірнеше тұрғын жоғалып кеткен. Үйінді астында қалғандар әлі шығарылып біткен жоқ. Толассыз жауын кезінде жолдар шайылып, пойыз қатынасы тоқтады.

Қытай астанасында соңғы екі тәулікте дамылсыз жауын жауды. Ауа райының қолайсыздығына орай Бейжіңде 370-тен астам ұшақ рейсі кейінге қалдырылған. Жүздеген автокөлік, жер асты тұрағын су шайған. Нөсер жауын Қытайдың Юннань, Аньхой провинциялары мен Ішкі Моңғолия автономиялық ауданында алапат тасқынға ұласты.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу