Елімізде ауыл әкіміне үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр. Кандидаттар жергілікті тұрғындармен кездесіп, өз бағдарламасымен таныстыруда. Жалпы бұл мақсатта үміткерлерге 10 күн берілген.
Қарағанды облысында биыл 75 ауыл әкімі сайланады. Әкімдікке үміткер 268 адам өтініш берген. Кандидаттардың 81-ін саяси партиялар, 187-сі өзін-өзі ұсынды. Үміткерлердің 42-сі нәзік жандылар. Сайлау 149 елді мекенде өтеді. Оларда 134 мыңнан астам адам тұрса, соның 81 мыңы дауыс беруге құқылы.
Ерқара Аймағамбетов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
Ауылдық округтар бойынша негізгі бәсекелестік 4 адамнан келеді. Негізінде бүгінгі күнде 3,4,5,6, кандидаттан ұсынылғандар бар. 7 үміткер шыққан 2 округ бар. Былайша айтқанда бәсекелестік өте жоғары деңгейде жүріп жатыр.
Жамбыл облысында ауыл әкімі болуға 122 азамат ниет білдірген. Олардың 20,4 пайызы әйелдер. Сайлауға кандидат ұсыну мерзімі 9 шілде күні аяқталған. Өңірдегі 14 ауылдың әкімі қайтадан үміткер атанған. Сондай-ақ, кандидаттардың арасында 5 жұмыссыз азамат бар. Қазір кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмысы қыза түсті.
Жанар Жолшыбекова, ауыл тұрғыны:
Үміткер болып түсіп жатқан әкімдерге үмітімізді артамыз. Ауылды көркейтеді деп сенеміз. Сайлау әділ өтеді деп сенеміз. Барлық ауыл тұрғындарын осы сайлауға қатысуын сұраймыз.
Әкімді жергілікті тұрғындардың сайлауы елдің саяси сауатын арттырып, билік пен бұқара арасына жол салады – дейді сарапшылар. Бұл демократиялық қоғамның тағы бір жемісті көрінісі.
Руслан Нұрланұлы