Тоқаев Әбсаттар қажы Дербісәлінің отбасына көңіл айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқаев Әбсаттар қажы Дербісәлінің отбасына көңіл айтты

15.07.2021

Бүгін қазақ руханияты үшін қаралы күн. Белгілі дінтанушы, әдебиет зерттеушісі, шығыстанушы, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының бұрынғы төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі 75 жасына қараған шағында дүниеден өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалымның қазасына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдады. Жеделхатта Әбсаттар Бағысбайұлының ұстаздық жолы, Арабтану ғылымының негізін салудағы айрықша еңбегі, жазған монографиялары мен зерттеу мақалаларының қашанда құнды мұра екендігі жазылған. Әрі еліміздің сыртқы саясаты мен ұлтаралық келісімнің өркен жаюына сіңірген еңбегі, ислам дінінің құндылықтарын дәріптеуге қосқан қомақты үлесі де атап айтылған.

Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та марқұмның отбьасына көңіл айтып, жедел хат жолдады. Онда көрнекті дінтанушының Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы қызметін атқарған кезде мүфтият жұмысын жаңа деңгейге көтеруге, елімізде дінаралық татулық пен ұлтаралық келісімнің нығаюына зор үлес қосқаны айтылған. Нұрсұлтан Назарбаев Әбсаттар Дербісәлінің ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді.

Қайраткер тұлға қатардағы ғылыми қызметкерден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиі дәрежесіне дейін көтерілді. Елімізде арабтану ғылымының негізін қалады. Арабистика саласы бойынша тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі атанды. 

Кенжехан Матыжанов, филология ғылымдарының докторы:
Кеңес дәуірі кезеңінде Ислам мәдениетін ұмыта бастаған кезеңде, іргемізді ажырата бастаған кезде сол Ислам мәдениетінің қайтадан орнығуына ерекше әсер еткен тұлғаның біреуі болатын. Шығыстану ғылымын Қазақстанға әкеліп орнықтырған және оны арабтық шығыстануменен байланыстырған үлкен тұлға.

Хабарламаларға жазылу