Солтүстікке қоныс аударған 140 отбасы өз өңірлеріне қайта көшіп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстікке қоныс аударған 140 отбасы өз өңірлеріне қайта көшіп кеткен

14.07.2021

 «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы нәтижелі болмай отыр. Түстіктен теріскейге қоныс аударған 140 отбасы туған жеріне қайта оралған. Олар мемлекет тарапынан төленетін материалдық көмекті қайтаруға сот арқылы міндеттеледі. Белшеден қарызға батып, ерсілі-қарсылы көшуге не себеп? Әріптесім Эльмира Кәленова анықтап көрген еді.

Теріскейде тұрақтай алмағандардың бірі – Түркістан тумасы Арайлым Елемесова. 4 баласын жалғыз асырап отыр. Пәтер жалдаудан жалыққан ол өткен жылы Солтүстік Қазақстанның Аққайың ауданына қоныс аударған. Үй берілгенмен, бастауыш сынып мұғаліміне мамандық бойынша жұмыс табылмапты.

Арайлым Елемесова, «Еңбек» бағдарламасына қатысушы:
Аспаз болып жұмыс істеп жүрдім. Күнімен-түнімен. Кейін ақырында ол тоқтады. Мал сояды. Жылқы сояды. Екі күнде бір-екі жылқы сояды. Соның ішек-қарынын тазалап, сөйтіп күн көрдім. 5-ақ мың теңге береді енді. Қыстың күні.

Арайлым сынды 600-ге жуық адам туған өңіріне кетіп қалған. Олардың барлығы нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоныс аударған. Көзделген мақсат жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті азаматтарды тарту. 4 жылда Қызылжар өңіріне 2 мыңнан астам отбасы қоныс аударыпты.

Алмаз Қошманов, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
2020 жылдың маусымына дейінгі әлеуметтік келісімшарт бойынша қоныс аударушылар өңірде 1 жыл болуы тиіс еді. Бұл мерзім 5 жылға дейін ұзартылды. Азаматтардың көшіп кетуінің негізгі себебі – отбасылық жағдай және ауа райының жақпауы. Бұл мәселелер ережеде көрсетілген.

Теріскейде 1500-ден астам бос жұмыс орны бар. Әсіресе мұғалім, дәрігер, ветеринар, агроном және техникалық мамандар тапшы. Әр қоныс аударушыға 70 АЕК көлемінде субсидия төленеді. Баспана жалдау үшін бір жыл бойы ай сайын 87 мың теңгеге дейін берілетін ақы тағы бар.

Әбдіғани Бәзілханұлы, облыс әкімінің кеңесшісі:
Мамандық бойынша сәйкесіп келгендер, қандай сомада жалақы алады, соған тура келетіндер, олар қайта кетіп жатқан доқ. Енді қолында дипломы жоқ, мамандығы сәйкес келмейтін кісілер, ұсынған жұмыстарға көбі бара бермейді. Себебі ондай жеке кәсіпорындарға, олардың жалақысы енді аздау болады.

«Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жыл сайын жоспар бекітіліп, мемлекет қазынасынан қомақты жаржы бөлінеді. Биыл оңтүстік өңірілерден тағы 2500 адам теріскейге көшірілмек. Берілген жоспарды орындау үшін сан қуып жүргенде сапа ұмыт қалғандай.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу