Алматы облысында айналма жол салынып жатқан аумақтағы жер телімдеріне қатысты дау шешілер емес. Бұған дейін Талғар ауданында Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы үшін 150 гектар жер иелерінен сатып алынған. Кейін прокурорлар оның тым қымбатқа саудаланғанын анықтап, шаруалар ақшаны кері қайтаруға міндеттелді. Ал талапты орындамағандардың жылжымайтын мүлкі мен құрылысқа қатысы жоқ шаруашылықтары да әлі күнге дейін бұғаттаулы тұр.
Нұрсәлима Әлиярованың осы тұста 1 гектар жері болған. Бау-бақшаның қамына кірісемін деп жүргенде әкімдік жерді жол құрылысы үшін 7 миллион теңгеден астам ақшаға сатып алды. Бірақ жер телімінің қымбатқа бағаланғаны белгілі болған соң жеке мүліктері бұғатталып, содан бері шаруасы тұралаған.
Нұрсәлима Әлиярова, Талғар ауданының тұрғыны:
13 жылда бір тиын алмай отырмыз. Үйімді саттым. Жерімді алдым. Енді қараңыз 13 жыл бойы салпаңдап жүрміз.
Дина Қалабаева, Талғар ауданының тұрғыны:
Менің 10 гектар жерім 21 миллион теңгеге сатылды. Ал қазір оны 569 мың теңгеге бағалап отыр. Қалғанын қайтаруым тиіс екен. Мұндай соманы қалай өтеймін? Жерді несиеге алдым. Ал сатылғаннан кейін, сол ақшаға қарыздарымды жаптым.
Қазір бұл маңда жұмысын жүргізе алмай, шырылдап жүрген 40-тан астам шаруа бар. Соттың шешімі бойынша, жер телімдері иелеріне, ал қаражат мемлекетке қайтарылуы тиіс. Алайда, бұл мүмкін емес. Өйткені 2016 жылы жер телімдері «ҚазАвтожолға» рәсімделіп, айналма жолдың құрылысы басталып кеткен. Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Енді жауаптылар жерді қайта бағалап, жаңадан сатып аламыз дейді.
Ермек Толқынов, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:
Қайта бағалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қайта бағалау жұмыстары аяқталысымен, бәрі қайтадан шақырылып, қайтадан келісімшарттар жасалатын болады.
Жергілікті прокуратура шаруалардың құрылысқа қатысы жоқ мүліктерін бұғаттаудан босату ісі де қолға алынғанын айтты.
Махаббат Шакарова, Талғар аудандық прокуратурасының аға прокуроры:
Мүлкі тыйым салынған азаматтар ауыртпалығы бар екендігі туралы тиісті растамалармен мемлекеттік сот орындаушыларына жүгіну қажет. Осыдан кейін қаулы шығарылып, тіркеуші органдарға жіберілетін болады.
Еске салайық, жуырда Үкімет басшысы Асқар Мамин Үлкен Алматы айналма жолының құрылысын келер жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырған. Күрделі жоба жол кептелісін азайтып, жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Мұнда автожолмен қатар, көпірлер, жол айырықтары мен эстакадалар салу көзделіп отыр. Болашақта айналма жол арқылы тәулігіне 38 мыңдай көлік Алматыны айналып өтеді деп жоспарланған.
Нұрхан Нұрланұлы