Қарағындыда 70 отбасы пәтерлерін жекешелендіре алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағындыда 70 отбасы пәтерлерін жекешелендіре алмай отыр

13.07.2021

Қарағанды облысының Шашубай кентінде тұратын 70 отбасы 8 жыл бұрын алған пәтерлерін жекешелендіре алмай отыр. "Жалдамалы баспаналар бес жылдан соң атыңызға аударылады" деген келісім орындалмады дейді тұрғындар. Жылдар бойы төлеген ақшасының қайда кеткенін білмей шарасыз қалған шашубайлықтардың жанайқайын тілшіміз тыңдап келген еді.

Айтолқын Жабаеваның отбасы 2013 жылы мына екі бөлмелі пәтерге қоныстанған. Алдымен 5 жыл бойына баспананың ай сайынғы жалдау құнын төлеп келген. Қазір коммуналдық төлемді ғана өтеп отыр. Ал пәтерді жекешелендіру мәселесі міне 8 жыл өтті әлі шешімін таппаған. 

Айтолқын Жабаева, Шашубай кентінің тұрғыны: 
Әкімдікке қарасақ әлі атымызға аударатын түрі жоқ. Мысалы үйге келімді кетімді кісі бар. Ремонтты өзіміз үшін жасап жатырмыз. Ел қатарлы тұрайық деп. Мысалы бұл болашақта үй атымызға ауа ма, аумайды ма белгісіз. 

Баспананы жекешелендіру осы үйде тұратын 70 отбасының бас ауыртар ортақ мәселесіне айналған. Әу баста коммуналдық меншіктегі үйден үлестірілген пәтерлер үшін 5 жыл жалдау құнын үзбей төлеп, кейін оны аттарына аударып беру туралы келісім болған,-дейді тұрғындар.  

Рауза Дәкенова, Шашубай кентінің тұрғыны:
Бес жыл түгілі міне 9 жыл болды әлі түк те берген жоқ. Енді шығарып жатыр былай деп қазір. Менің үйім өзі екі бөлме, 2,5 миллион теңге . Соның қазір мен төлеуім керек 30 пайызын ол дегеніңіз 850 мың теңгедей ақша. Ал сосын қалғанын маған бөліп береді екен. Сонда біздің ай сайынғы 8 жыл төлеген ақшамыз қайда кетті?

Жылдар бойы жалдамалы пәтерлерге төленген қаражат республикалық бюджетке түсіп отырған. Ал баспаналарды жекешелендіруге өткізу кезінде ол қаржы есепке алынбайды. Заң аясында үйдің құны толығымен төленуі тиіс-дейді жергілікті билік өкілдері.  

Қайрат Қошантаев, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:
Ал енді үйдің өзінің құны жекешелендіруге өткен кезде , тұрған жылына сәйкес, мысалы үшін тұрғын 10 жыл тұратын болса, әр жыл сайынғы амортизациясы алынып тасталып, қалған үйдің қалдық құны төленеді. Жыл сайын екі пайызға дейін амортизациясы есептелінеді. 10 жыл тұратын болса, соның 20 пайызы шегеріледі.

Айта кету керек, бұл үй тұрғындарының басым дені әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүмкінлігі шектеулі жандар. Олар пәтер құнын толық өтеуге қауқарсыз және оған үзілді-кесілді қарсы. Ал кейбір тұрғындар пәтерлерді заңсыз алып, өз мақсаттарына пайдаланған. Оған қатысты сот жүреді. Баспаналарды жекешелендіруге енді бір кедергі сол,- деді аудандық әкімдік өкілдері.   


Хабарламаларға жазылу