Алматыда вакцинация паспортын қолдан жасаған 3 мекеменің қызметкерлері ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда вакцинация паспортын қолдан жасаған 3 мекеменің қызметкерлері ұсталды

12.07.2021

Бір ғана Алматы қаласында 3 емдеу мекемесі қызметкерлерінің жалған ПТР нәтижелері мен вакцинация құжаттарын сатқаны анықталды. Полиция басқармасының дерегіне сай құқық бұзушылықтың екеуі жеке клиникаларда болған. Ал, №4 емхананың аға медбикесі 15 мың теңге үшін вакцина алғандарды белгілеу журналына адамдарды заңсыз тіркеген. Енді ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұл Алматыда түсірілген бейнежазба. Жасырын кадрлардан жеңіл жолмен ақша тапқысы келген дәрігердің вакцинация паспортын саудаға салған сәті анық көрінеді. Ковидке қарсы көпшіліктің үміті осы вакцина еді. Бірақ үмітті үрейге айналдырған көлденең көк аттылар көбейіп барады.

Павлодар облысында да жалған паспортты сату және сатып алу ісі өршіп тұр. Мысалы, күні кеше полиция қызметкерлері «egov» базасы арқылы 5000 теңгеге вакциналау паспорттарын сатумен айналысқан медбикені ұстады. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Ал, Ақмола облысында екпені салдырмай, оны 26 мың теңгеге сатып алған 22 жастағы тұрғын ұсталды. ІІМ мәліметінше, бір жалған анықтаманың құны шамамен 6 мың теңгеден басталады. Қазіргі уақытта құзырлы орган өкілдері ПТР анықтамасын заңсыз алған адамдардың нақты санын тексеріп жатыр. Егер, күдіктілердің кінәсі дәлелденсе қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылады.

Нұрділдә Ораз, ІІМ ресми өкілі:
Жалған құжат дайындағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін атап өту қажет. Жыл басынан бері ішкі істер органдары жалған ПТР-тестерлерді өткізу және пайдалану бойынша 25 және вакцинациялаудың паспортына қатысты 11 қылмыстық іс қозғады. Осыған байланысты ІІМ азаматтарға қылмыстық процеске тартылуға жол бермеуге және туыстары мен жақындарын осындай әрекеттерден қорғауға кеңес береді. 

Қазір ІІМ жалған ПТР-тесттер мен вакцинация паспорттарын анықтауды белсенді жүргізіп жатыр. Айта кету керек, жалған вакцинация паспортын сату негізінен интернетте және әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жүзеге аса бастаған. Тек шілде айының басынан бері осындай 41 хабарландыру анықталды. Қоғамда қызу талқыға түскен осы мәселеге қатысты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз үндеуін жасаған.

Адамдарды қалыпты өмір салтына қайтару мен денсаулығын сақтаудың жалғыз жолы – жалпы халықтық вакцинациялау екендігін ғалымдар дәлелдеп отыр. Ендеше, жалған паспорт мықты денсаулықтың кепілі бола алмайтынын біле жүрейік.

Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу