Испанияда күн ысып, сынап бағанасы 50 градусқа жуықтады. Аптап ыстық елдің оңтүстік бөлігінің тұрғындарын әбігерге салған.
Шыжыған күннен қорғану үшін олар көлеңке іздеп, су бұрқақтарын жағалауға мәжбүр. Ауа-райын бақылаушылардың сөзінше, күннің ысуына Африкадан жеткен ыстық ауа массасы себепші. Осыған орай ауа температурасы әдеттегіден 5-10 градусқа күрт жоғарылаған. Аптап ыстыққа байланысты ескертулер Испанияның орталық бөліктеріне де жарияланды.
Ал, АҚШ-та Жер бетіндегі ең жоғарғы ауа температурасы тіркелді. "Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, Калифорния штатындағы Ажал аңғарында сынап бағанасы 54 градусқа көтерілген. Аптап ыстық АҚШ-тың солтүстік-батысының басым бөлігіне тарады. Метеорология қызметі мұндай ауа-райының балалар мен егде жастағы адамдар үшін қауіпті екенін ескертті.
Арай Төлеген