Елордадағы етікші шеберханасының дәлізіне ашық кітапхана жасап қойған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы етікші шеберханасының дәлізіне ашық кітапхана жасап қойған

11.07.2021

Нұр-Сұлтанда бір етікші бар. Аяқ-киімнің түсіп қалған тақасын тықылдатып отыратын қарапайым етікші емес. Ютуб арқылы ағылшын тілін үйреніп жүр. Шебарханасы да тап-тұйнақтай, тіпті кітап сөрелері ілінген.

Жанболат кезінде құрылыста істеген. Сылақтың шаршы метріне 300 теңге алады, ал шетелдіктерге 1900 теңге береді. Әділетсіз төленетін жалақыға ашуланып, бұларың не? -демей ме, сонда түрік компаниясының бастығы – біз тура мердігердің өзінен аламыз, ал сендерге 7 мердігерден өтіп келеді, деген.

Қызық адаммен Данияр Қайыртай әңгімелескен. Портреті.

Жанболат Мұсайбеков, етікші
 Аяқ киім оңдатуға келетін адам кім? Негізі аяқ киім оңдатуға жағдайы нашар адам келеді. Соларға көмек жасайын деген, бас кезінде сондай оймен келгем. Жоқ, енді, бұның енді ақшасы да бар түсетін.

Жанболат Мұсайбековтың отыз жылдан бергі кәсібі – осы. Елге қызмет көрсетеді – сонысы үшін ақша алады. Училищеден кейін Омбыдағы зауытта металл жонушы болып істеп жүргенінде етікші боламын деп ойламаған да. Тек тоқсаныншы жылдардағы тоқырау мәжбүрледі. Зауыт жабылған соң Омбыдағы лезгин досының шеберханасында аяқ киім жөндеуді үйренеді. Кейін бұл кәсіппен Мәскеуде, Көкшетауда және Солтүстік Қазақстандағы өзі туып-өскен – Қызылту ауылында айналысады.

Қазір астанада үш шеберханасы бар. Үшеуін де туған ауылының құрметіне «Қызылту» деп атаған. Бірін жалға береді, енді бірінде өзі істейді, үшіншісіне 19 жастағы ұлын отырғызып қойған. Биыл ол колледж бітіріпті. Жоғары оқу орнына түскенше етікшілікті кәсіп етіп жүр.

Сондықтан Жанболат Мұсайбеков балаларын еңбекке баулиды. Білім алуға жетелейді. Өз балаларын ғана емес. Шеберханасының дәлізіне ашық кітапхана жасап қойған. Кез келген адам келіп, қалаған кітабын оқи алады. Ал орнына басқа кітапты қалдырып кетсе болады. Қазір кісі қолында 1 жарым мың кітап айналып жүр дейді.

Етікшінің өзі де жаңалыққа құмар. «Жасарымды жасадым» деп тоқмейілсіп отырғысы жоқ. Міне, ағылшын тілін үйреніп жүр. Ел аралағысы келеді. Тіпті, уақытша көшіп баруға да әзір.

Ютуб желісіндегі бейнесабақтар арқылы алдымен әліпбиін жаттаған. Қазір деңгейім өсіп келеді деп қояды. Мақсаты – ағылшынша емін-еркін әңгімелесетін дәрежеге жету. Кейде шеберханасына сол маңда тұратын шетелдік футболистер келеді. Солармен сөйлесіп машықтанып көрген. Қазіргі білімім ағылшынша саудаласуға да жарап тұр дейді.

Словакияға қоныс аударуға құжаттарын өткізіп қойыпты. Ол жақта жеке кәсіпкер ретінде де тіркеуден өткен. Енді күзге салым виза беріледі дейді. Шет тілін шұғыл оқып отырғаны сол.

«Қайда жүрсем де екі қолға бір күрек табам ғой» деп сенімді отыр етікші. Рас, қолы ұсынықты адам жұмыссыз қалмайды. Ұсталық қанында бар. Әкесі бір ауылдың қол жеткізгісіз ісмері болған. Ағалары да қолөнерден алыс емес. Өзі еңбек жолын токарь болып бастағанын айттық. Етікшілікке басы бүтін бет бұрмай тұрып, әр түрлі кәсіп істеп көрген.

Қазір өмірім бір қалыпқа түсті дейді кейіпкеріміз. Баспанасы бар, тұрмысы түзу; бала-шағасын өсірді, жеткізді. Енді өзіне, өзін жан-жақты дамытуға көңіл бөлгісі келіп отырғаны сондықтан. Жоспары көп. Бәріне үлгеріп қалғысы келеді.

Әрине, егер Жанболат базалық қажеттіліктері өтелгенімен дүниенің соңына түсіп алса, жер-дүниені тану туралы ойламас та еді. Ондайды миында шектеулері жоқ адам ғана ойлайды. Біздің етікші кейіпкеріміз Жанболат сондай адам.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу