Елордадағы жолаушылар таситын автобустардың мәселесі бас қаланың бас ауруына айналғандай. Қоғамдық көліктердің талапқа сай болмауы, уақытында келмеуі, санитарлық талаптардың сақталмауы әбден айтыла- айтыла жауыр болды. Сондай-ақ арбаға таңылған азаматтардың құқығының қорғалмауы да жанға батады дейді жолаушылар. Мәселенің мән-жайын Ақниет Балтанова тарқатады.
Елордадағы жолаушылар таситын автобустардың мәселесі бас қаланың бас ауруына айналғандай. Қоғамдық көліктердің талапқа сай болмауы, уақытында келмеуі, санитарлық талаптардың сақталмауы әбден айтыла- айтыла жауыр болды. Сондай ақ арбаға таңылған азаматтардың құқығының қорғалмауы да жанға батады дейді жолаушылар. Мәселенің мән-жайын Ақниет Балтанова тарқатады.
Аялдамаларды аралап, халықтың пікірін сұрасаң қоғамдық көлікке көңілі толатындар бірең-сараң. Жазда желдеткіші жұмысы істемейді деп шағымданатын жұрт, қыста автобусты ұзақ күтеміз деп мұңын шағады.
Данияр Сатишов, жүргізуші:Бұл темір ғой. Темір деген мың күнде сынбайды, бір күнде сынады деген мақал да бар ғой. Әр кезде әртүрлі. Мысалы, переднийі болмаса,ол 10 минут емес, аралығы 20 минут болып қалады, соған кісілер көп шағымданады. Оның үстіне біздің қала суық қыста.
Ал парк қызметкерлері негізгі себепті автобөлшектердің уақтылы келмеуімен байланыстырады. Мемлекеттік сатып алу арқылы тапсырыс беретін техникалық қажеттіліктерді құжат жүзінде рәсімдеп, олар жеткізілгенше бұзылған автобустар жөндеуде тұрып қалады. Сәйкесінше интервалы ұзарады. Әрі тендер ұтып алған компания ұсынған автобөлшектер көбіне сапасыз болады дейді техник мамандар.
Асхат Сатыбаев, №1 автобус паркі техникалық бөлім бастығының міндетін атқарушы:Жаз ғой енді. Кондиционер жүйесі бар, оның да бөлшектері тапшы енді. Біз көбін күтіп отырмыз. Күн сайын ремонтқа кіріп-шығатын автобустар шамамен 30-40-тай болады енді.
Біз тек №1 автобус паркін аралап шықтық. Қаладағы өзге 5 парк иелері ә дегеннен бастарын ала қашты. Ал Елордалық мәслихат депутаттары автобустарға арнайы рейд жүргізіп, өзге автопарктердің жұмыс сапасына сын тағып отыр.
Ләззат Разбекова, қалалық мәслихат депутаты:Қоғамдық көліктің жұмысының сапасына біз өзіміз рейд жүргіздік. Енді сол рейдтің нәтижесінде кемшіліктер өте көп екенін байқадық. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кейбір автобустарда мүмкіндік жасалмаған.
Бас қалада ұзын-саны 1105 автобус бар. Екі жыл бұрын бұл тізім 100 жаңа электробуспен толықты. Талап бойынша, қоғамдық көліктердің жарамдылық мерзімі- 14 жыл. Әзірге автобустарды жаңарту жоспары қарастырылмаған.
Ақниет Балтанова, тілші:Елордалық мәслихаттаң әлеуметтік және мәдени даму комиссиясы автопарк басшыларына жиын өткізіп, нақты тапсырмалар берді. Нәтижесі мен атқарылған жұмыстар есебін назардан тыс қалдырмай, алдағы уақытта да қадағалайтын боламыз.
Ақниет Балтанова