Бейбіт шерулер ұйымдастыру туралы заң қабылданғанына 1 жыл болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейбіт шерулер ұйымдастыру туралы заң қабылданғанына 1 жыл болды

09.07.2021

Елімізде бейбіт шерулер ұйымдастыру туралы заңның қабылданғанына 1 жыл толды. Халық наразылығы мен талаптарын ашық айтуға мүмкіндік алды. Статистика бойынша заң күшіне енгелі карантиндік шектеулерге қарамастан өткізілген бейбіт шерулер саны 10 есе өскен. Оны өткізуге мемлекет рұқсат берді енді халық сол мүмкіндікті дұрыс пайдаланып үйренуі керек дейді саясаттанушылар.

Бейбіт шеру ұйымдастыру туралы заң мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған. Жаңа заң 1995 жылы қолданысқа енген ескі құжаттан мүлде бөлек. Оны әзірлеу кезінде әр өңірде 20 ға жуық тыңдау өткізіліп, азаматтық қоғамның пікірі ескерілген. Заң жобасы алғаш ұсынылған сәттен бастап қабылданғанға дейін 50 пайызға өзгертілді

Самат Нұртаза, саясаттанушы: 
 Қазіргі заманда адамдар шеруге шығып жатыр, ойларын білдіріп жатыр. Бір жеке адамның плакатпен шыққаны қазір тіпті оңай. Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан қаласында біз көріп жатырмыз ондай оқиғалар болып жатыр.

Мемлекет бейбіт шеру өткізу үшін рұқсат алмай ақ ескерту жасап, ұйымдастыра беруге мүмкіндік берді. Тек оны қарапайым халық ретімен пайдалана алмай отыр. Бір заңда күрсетілген мүмкіндікті пайдаланамыз деп, өзге баптағы шектеулерді бұзатын жағдай жиі кездеседі. Мәселен, бұл карантиндік шектеулерге қатысты. Ал, кей белсенділер мұны бейбіт шеруге рұқсат бермеудің амалы деп түсінеді дейді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов.

 Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы: 
Яғни біз шеруді өткізген кезде тек қана өз мүддемізді ғана ойламай жалпы бұл басқа адамдарға қандай қатерін тигізеді деген сияқты мәселелерді көтеруіміз керек. Оны қарауымыз керек. Бұл жаңа жоғарыда айтқан саяси мәдениетке келеді.  Заң жүзінде рұқсат берілсе бәрін істеуге болады деген қағида қалыптасып қалған.

Енді халықтың саяси белсенділігін арттыру маңызды. Рұқсат бар екен деп әр нәрсені желеу етіп жинала бергеннен гөрі заң талаптарын сақтай отырып, нақты позициясын сауатты жеткізетін жағдайға жетуіміз керек. Бұған әлі де 4-5 жыл уақыт керек, - дейді сарапшылар.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу