Ақтөбеде екі күн бойы толассыз жауған нөсер әбігерге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде екі күн бойы толассыз жауған нөсер әбігерге салды

08.07.2021

Ақтөбеде екі күн бойы толассыз жауған жаңбыр жұртты әбігерге салды. Көшелер көлге айналып, көлік қатынасы қиындады. Тіпті, кейбір қалааралық автожолдардың өзін су басқан. Жағдайды Жақсыбек Кемал баяндайды.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл көпқабатты үйлерде тұратындар баспаналарынан шыға алмай қалды. Бұл жерге көліктердің өзі әрең кіріп-шығып жатыр. Ал, қаланың коммуналдық мекемелері жағдайды реттеуге үлгерер емес.

Бұл Ақтөбенің «Нұр Ақтөбе» деп аталатын ауданы. Кешелі бері мұнда келетін басты жолды су басып, қатынас қиындады. Ең қызығы жолдың жөнделгеніне бірер ай ғана болды. Құрылыс кезінде суағар салу ескерілмеген.

Дәл осы аудандағы жаңадан бой көтерген тұрғын үйдің сапасы осы жолы сыр берді . Жоғарғы қабаттағылар кешелі бері төбеден сорғалап аққан сумен алысып әлекке түсіп жатыр.

Гүлбану Құлбарақова, қала тұрғыны:
Бір жыл болған жоқ, соның өзінде міне төбеден су кетіп жатыр. Түнімен жүрдік, бүкіл көршілер, кришада, мешокпен, целофанмен жапты. Оны жапқанмен, жел ұшырып, бәрібір не істеп жатқан жоқ.

Ал, бұл қаладағы емдеу мекемелерінің бірі. Сапасыз құрылыс алғашқы жауған нөсерге де шыдас бере алмады. Жауапты мамандар олқылықтарды тез арада түзейміз деп уәде берді.

Руслан Әжниязов, қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы:
«Нұр Ақтөбе» ауданындағы үйлердің кепілдік мерзімі өткен жоқ. Сондықтан мердігер мекеме олқылықтарды жөндейді. Біз жөндеу жұмыстарының сапалы жасалуын қадағалайтын боламыз.

Кешелі бері жаңбыр мен желдің қатты болғаны соншалық, көшедегі ағаштар құлап, шаһардың бірнеше ауданы жарықсыз қалды. Мамандар шілде айында жауын-шашын көлемі 29 мм болады деп болжаған. Алайда, тек соңғы екі тәулікте оның көлемі 101 мм-ге жетті. Бұл үш айлық нормадан көп. 

Толассыз жауған жаңбыр «Қандыағаш-Ақтөбе» автожолын да шайып кетті. Салдарынан ондаған көлік діттеген жеріне уақытылы жете алмады.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу