Ақмола облысында биыл шөп екі есе аз шықты. Төрт түлікке күні қараған тұрғындар үшін қысқы мал азығын дайындау қиынға соғып тұр. Құрғақшылықтың салдарынан жайылым қурап, мал суаратын каналдар тартылып қалған. Қиналған жұрт қолдағы азын-аулақ малын сатуға мәжбүр. Ермек Елбергеннің бейнематериалы.
Зеренді ауданындағы Қызылтаң ауылында мал суаратын жер қалмаған. Жылда су жиналатын аумақтардың дені кеуіп кеткен. Аңқасы кепкен төрт түлік су ішу үшін белуардан батпаққа батады. Ауыл тұрғындары өз күштерімен құдық қазып, су тартқан. Алайда, оның да пайдасы шамалы.
Роза Мәмбеталина, Қызылтаң ауылының тұрғыны:Су болмағасын малымыз сусыз аш келеді, сусыз шөлдеп келеді малымыз. Су болғанда мына үйге дейін, мына жер барлығы суға толып тұрады. Ойық осы жерден су болып толып тұратын. Қиын болып қалды биыл міне. Жаңбыр да болмай жатыр.
Ауылдың маңындағы жайылым да тарылып барады. Оның өзі құрғақшылықтан күйіп кеткен. Сондықтан биыл мал жүдеу - дейді тұрғындар.
Тұрғындар үшін қысқы азықты дайындау қиынға соғып тұр. Төрт түлікті босқа қырып алмау үшін жұрт амалсыз арзанға сата бастаған.
Айдын Молдахметов, Қызылтаң ауылының тұрғыны:Бәрі сап-сары күйіп кеткен. Шөп жоқ. күзге қарай шөп болмайтын болса, мал сататын боламыз. Одан басқа амал көріп тұрған жоқпыз.
Өзге ауылдардағы жағдай осы тектес. Шөп жоқ. Биыл шөптің шығымдылығы жылдағыдан 2 есе аз. Ал облысқа 1 миллион 180 мың тонна шөп жинау керек.
Қасым Итқұсов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:Аудандарда жедел штабтар құрылды. Шөп шабу басталды. Биыл жол жиектерін де, ормандардың жандарын да ору қажет. Сондай-ақ, сабан жинауды да жоспарлап отырмыз. Мал азығын дайындауға 3,8 миллиард теңге субсидияға өтінім жібердік. Қиын жағдай, дегенмен қажетті қоректі жинаймыз деп сенеміз.
Осылайша, мал баққан жандардың табиғаттың оң қабақ танытқанын күтуден басқа амалы жоқ. Алайда ендігі жауған жаңбыр көктің көтерілуіне айтарлықтай әсер ете қоймайды. Сондықтан тұрғындар шөп бағасы шарықтап кете ме деп алаңдаулы.
Ермек Елберген