Президент төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өткен – қарастырылған басты мәселе - ұлттық жобалар.
Мұндай стратегиялық жоспардың керек екені рас, алайда Президент айтпақшы, кабинеттерінің сыртындағы өмір күрделі болып отыр. Азық-түлік бағасы шарықтап, қуаңшылық қысты. Халықтың одан басқа да мың сан проблемасы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Реформалар жөніндегі жоғары кеңес «қиялилардың клубына» айналмауы қажет. Кабинетіміздің сыртындағы өмір күрделі бағытта дамуда. Қазір біз ең қажетті деген азық-түлік бағасының шарықтауына, жалпы инфляцияның өсуіне қатысты шешім қабылдауға мәжбүрміз. Бұдан бөлек халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты қыруар мәселе бар. Мысалы, қуаңшылық мал шаруашылығына кері әсер етіп отыр. Біз қалыптасқан жағдайға шынайы қарайық.
Мұнан соң Президент ұлттық жобаларды жүзеге асыруға өте көп қаржы бөлінетіне тоқталып, былай деді:
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осыған байланысты мені жемқорлық мәселесі қатты алаңдатады. Ірі жобаларды жүзеге асыруға байланысты, әсіресе, инфрақұрылымдық құрылыс саласында, мол қаржы туралы ақпарат шыға салысымен-ақ, мұндай жобалар жіті бақылап отырған «әккі аңшылардың» назарына бірден ілігеді. Олар бөлінген қаржының бір бөлігін қалталарына басып қалуға тырысады. Әңгіменің ашығын айтайық. Мұны бәріміз білеміз. Сондықтан Үкімет пен тиісті агенттікке аталған мәселені мұқият қарауды ескертемін. Ұлттық жобалар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс.
Жиында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тұжырымдамасы да қаралды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жақын арада аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлау науқаны өтеді. Бұл саяси жүйенің кемеліне келгенінің белгісі ғана емес, сондай-ақ, қоғамымыздың демократиялық даму жолына нық қадам басқанын білдіреді. Аталған трансформациялық өзгеріс аясында басқару деңгейлері: облыс, аудан, округ арасындағы өкілеттілік пен жауапкершіліктің ара-жігін нақты айқындау – мемлекеттік аппараттың басты міндеттерінің бірі. Жергілікті өзін-өзі басқаруды тиімді жүзеге асыруға кедергі келтіретін барлық қайшылықтар мен олқылықтар реттелуі қажет.