Президент Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіштің ашылуына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіштің ашылуына қатысты

04.07.2021

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 шілде - Нұр-Сұлтан күніне арналған мерекелік іс-шараларды дәстүрлі түрде ашатын Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты.

«Халқымыз үшін азаттықтан асыл, байрақтан биік құндылық жоқ. Қазақтың тарихы «Туың жығылмасын!» деген бір ауыз тілекке сыйып тұр. Бабаларымыз қашанда туын биік ұстаған, – деді Президент.

«Азаттықтан асыл, байрақтан биік құндылығымыз жоқ». Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысқан Президент осылай деді. Жыл сайын астана күні қарсаңында көк байрақ ең биік тұғырдан желбірейді. Биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығы, сондықтан бұл рәсімнің тарихи мән-маңызы айрықша. Көк туымыз – Тәуелсіз Қазақстанның ең басты рәмізі. Халқымыз үшін азаттықтан асыл, байрақтан биік құндылық жоқ.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақтың тарихы «Туың жығылмасын!» деген бір ауыз тілекке сыйып тұр. Бабаларымыз қашанда туын биік ұстаған. Елдігі сынға түскен сәтте байрақ астына бірігіп, тұтастығын танытқан. Ерлік пен бірліктің дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, Тәуелсіздік дәуіріне ұласты. Егемен елдің көк байрағы – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі.

Ту көтеру рәсімі кезінде жоғары әскери оқу орнының 12 үздік түлегі Президент қолынан офицер погонын алды.

Мемлекет басшысы сонымен бірге Тұңғыш Президенттің құрметіне орнатылған ескерткіштің ашылуына қатысты. Нұрсұлтан Назарбаевтың аса жауапты өзгерістер мен ауқымды реформаларды іске асырғанына тоқталды. Ескерткіш Әлихан Бөкейхан мен Керей, Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында орналасқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сондықтан бүгін біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметіне орнатылған тарихи ескерткішті дәл осы жерде ашып отырмыз. Мерейлі жылда мұндай сәулет туындысының бой көтеруі – заңды құбылыс.

Халықты ауқымды өзгерістерге талмай жетелеген Тұңғыш Президент аса жауапты өзгерістердің, ауқымды реформалардың нақты іске асырушысына және Тәуелсіздігіміздің символына айналды

Елорда күні қарсаңында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына да ескерткіш қойылды. Алаш қайраткерлеріне арналған мемориалдың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ашылуының символдық мәні зор деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлихан – Алашорда үкіметін басқарған мемлекет қайраткері. Ахмет – халқымызды білім мен ғылымға жетелеп, рухани ұстаз болған әйгілі ағартушы. Міржақып – ұлт бірлігі ұранына айналған «Оян қазақ» пен тұңғыш қазақ романының авторы, көрнекті қаламгер. Үш қайраткер де – бірегей тарихи тұлғалар. Бұл ескерткіш – барша Алаш ардақтыларына деген құрметіміздің көрінісі.

Алаш арыстары жеріміздің тұтастығы сақталуына да ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Алайда олар халық жауы атанып, қуғын-сүргінге ұшырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еңбектері жойылды, ұзақ жылдар бойы олардың атын атауға тыйым салынды. Бірақ, ұлтымыз ұлы перзенттерінің есімін санасынан өшірмей, жадында сақтай білді. Тәуелсіздік жылдарында Алаш идеясы мен Алаш мұрасы түбегейлі қайта қаралды. Біз Алаш арыстарының есімін жаңғыртып, тарихи рөліне баға беруді қолға алдық. Менің Жарлығыммен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды.

Алаштану ғылымының аясында сол дәуірдегі зиялы қауымның еңбегі жан-жақты зерттелуі қажет. Олар атқарған іс ешқашан маңызын жоғалтпайды. «Себебі ұлт мүддесі, ел қамы деген ұғым – мәңгі құндылық», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады. Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, Қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты.


Хабарламаларға жазылу