Ақтауда демалыс базалары құтқару құралдарымен жабдықталмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда демалыс базалары құтқару құралдарымен жабдықталмаған

02.07.2021

Ақтауда жағалаудағы демалыс базалары құтқару құралдарымен жабдықталмаған. Бірақ соған қарамастан жұмыс істеп жатыр. Ал, қалалық әкімдік болса, жеке кәсіпкерлік нысандарды тексере алмай отыр.

Бұл жолы қырағы құтқарушылар суға батып бара жатқан жасөспірімді дер кезінде байқап қалды. Ширақ қимылдаған мамандар 14 жастағы қызды судан аман алып шықты.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Оқыс оқиға бола қалған жағдайда құтқарушы мен техниканың сақадай-сай болғаны дұрыс. Жүйрік қайық, александров арқаны мен құтқару дөңгелегі міне біз тұрған базада мұның барлығы да бар. Ал, Ақтаудағы басқа демалыс орындарында мұның бірде біреуі жоқ. Демек онда демалушылардың өмірі мен денсаулығына ешкім жауап бермейді.

Осыдан бірнеше күн бұрын жағажайлардың бірінде 5 жасар қыз бала суға батып кетті. Маңайда адам көп болғанымен ешкім ажалдан арашалап қала алмады. Демалыс базасында құтқарушы да болмай шықты.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, құтқарушы маман тапшы. Маусымдық жұмысқа келетіндер некен-саяқ.

 Владимир Малахов,  демалыс базасының құтқару қызметінің жетекшісі:
 Қарамағымдағы 4 құтқарушы да арнайы дайындықтан өтіп, шағын қайық жүргізуге рұқсат алды. Әркімнің өз міндеті бар. Шомылу аумақтары талапқа сай белгіленген. Сондықтан бізде оқыс жағдайлар көп болмайды. 

Құтқару құралдарының ережеге сай болуын қалалық әкімдік бақылайды. Алайда, олар базаларды 2 жылдан бері тексере алмай отыр.

Гүлбаршын Қоңырова,  Ақтау қалалық әкімі аппаратының төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс бас инспекторы:
Заңға сәйкес қалалық әкімдік түгендеу жүргізу керек. Бірақ, биылғы жылы қалалық прокуратураға өтініш түсіргенбіз, түгендеу жүргізуге рұқсат сұрап, оған қазір орта және шағын бизнесті тексеруге болмайды деген себеппен бізге рұқсат етілген жоқ. Біздердің қолдан келер шара жоқ бұл жерде. 

Ақтауда теңіз жағасында 24 демалыс базасы жұмыс істейді. Оның екеуі мемлекеттік. Алайда олардың тек біреуінде ғана қажет құрал-жабдықтар бар. Жыл басынан бері аймақта 6 адам суға кетті. Оның бірі жабдықталмаған демалыс базасында мерт болды.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу