Алматы облысында екі бала құдыққа құлап, қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында екі бала құдыққа құлап, қайтыс болды

06.06.2019

Алматы облысында бір үйдің екі баласы оқыс жағдайда қайтыс болды. Олар аулада ойнап жүргенде құдық жанындағы су сорғышқа тартылған кабельді басып қалған. Ашық жатқан тоқ сымын алдымен 11 жастағы бала басып кетіп құлаған. Ал артынша інісін құтқармақ болған ағасын да сол жерде тоқ ұрған.

Жамбыл ауданы, Еңбекшіарал ауылындағы қайғылы оқиға кеше кешқұрым болған. Қара жамылған отбасы бізге оқиға орнын түсіруге рұқсат бермеді. Ал көршілерінің айтуынша, екі бала аулада доп теуіп жүрген. Құдыққа түсіп кеткен допты алмақ болғанда, екеуін де тоқ ұрған.

Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің төрағасы:

Балалар құдықтың ішіндегі су сорғышқа жалғанған ашық кабелді басып қалған. Олардың бірі - 2008 жылғы, екіншісі - 2011 жылғы. Алдымен, кішкентай бала тоққа түсіп, құдыққа құлап кеткен. Ал оны құтқармақ болған ағасы да сол жерде қайтыс болған.

Көз жұмған екі бала - бір үйдің үш баладан кейінгі кішкентайлары. Олардың ата-аналары "Ауылдағы үлгілі жандардың бірі", -  дейді ауылдастары. Әкесі мектепте, анасы балабақшада жұмыс істейді. Ал кешегі оқиға кезінде барлығы үйде болған.

Үлгілі, ана бала жақсы оқитын бала болған. Кішісін білмеймін. Үлкенін айтып отырмын ғой, 4-ші класста. Жақсы бала болатын. 

«Жеткіншектердің өліміне ешкімді кінәламаймыз», - дейді жақындары. Бірақ, тұрғындардың сөзінше, ауылда ауызсу жеткілікті болғанда, мұндай оқиғаға жол берілмес еді. Өйткені таза су болмағандықтан, көбісі өз бетінше осылай құдық қазып алады. Алайда, жергілікті әкімдік өкілдері ауыл сумен толық қамтылғандығын жеткізді.

Абзал Нүрпейісов, Жамбыл ауданы әкімдігінің аппарат басшысы:

Ауыл сумен қамтылған. Мен нақты қазір қай жылы жасалған суммасын білмеймін, бірақ ауыл сумен қамтылған. Құдық деген бұл шаруашылық суы ғой. Үйлеріне, бақшаға пайдаланатын. Отбасыға әкімшілік тарапынан көмек көрсетілді.

Оқиғаға қатысты қазір полицейлер тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал оқыс жағдайдан қайтыс болған балаларды туыстары бүгін жерледі.

Аманкелді СЕЙТХАН

Хабарламаларға жазылу