Түркия коронавирустың мутанцияға ұшыраған түрі қатты тараған алты елмен шекарасын жапты. Олар: Бангладеш, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы, Үндістан, Непал және Шри-Ланка. Бұл елдермен барлық әуе, кеме және қара жол қатынасы тоқтатылды. Ал аталған елдерден үшінші бір мемлекет арқылы Түркияға келген азаматтар 14 күн міндетті карантинге алынады. Бұдан бөлек Ауғанстан, Пәкістан, Египет, Иран, Ұлыбритания мен Сингапурдан келген жолаушылар шекарада міндетті түрде ПТР тест тапсырулары тиіс. Ал бұл елдерден басқа мемлекеттерден келген жолаушылардан кемі 14 күн бұрын вакцина салынғандығы жөнінде немесе соңғы 6 айда коронавируспен ауырды деген анықтама, бұлар да болмаса 72 сағат бұрын тапсырылған негатив ПТР тест анықтамасы талап етіледі.
Фахреттин Қожа, Түркияның денсаулық сақтау министрі:
Елімізге өзге мемлекеттерден мутацияға ұшыраған вирустың кіруіне барынша тосқауыл қоюымыз қажет. Ол үшін тек шекараны жабу жеткіліксіз. Қоғамдық иммунитет қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан құрбан айтқа дейін біз 55 млн адамды, яғни халықтың 70 пайызына кемінде бір рет екпе салуды жоспарлап отырмыз.
Айдос Әшімұлы