Түркістан облысы, Төлеби ауданында жұрт аптап ыстықта ауыз сусыз қалды. Қасқасу ауылына бес жыл бұрын тартылған құбырдан су ақпай, жергілікті халық тіршілік нәрін Сайрам су өзенінен тасып ішуде. Шіліңгір шілде таяғанда кенезесі кепкен халықтың жанайқайын тілшіміз Айнұр Ақбаева тыңдап қайтты.
Қасқасу ауылында тұратын Самат Қапланбеков суды күнде тексереді. Алайда құбырдан бүгін де тамшы су ақпады. Көпбалалы отбасы әсіресе аптап ыстықта қатты қиналып кеттік деді. Өңірде қазір ауа температурасы +40 градустан түспей тұр.
Самат Қапланбеков, Қасқасу ауылының тұрғыны:Жаз шықса су жоқ енді бізге, су проблема болып кетті. Малға да су таппайсың, Сайрамсудан тасимыз ләж жоқ. Қайтеміз енді. Үш күн, төрт күн сондай болмай қалады. Үш күн берсе, төрт күн болмай қалады ғой.
Қасқасулықтар бес жыл бұрын құбыр тартылғанда қуанған. Бірақ қуаныштары көпке созылмады. Себебі құбырларға келетін Қамайбұлақ бастауындағы судың көлемі азайып, ауылға жетпей қалған.
Жергілікті халық бастауға жақын орналасқан кәсіпорын ауыз суды бұрып алып, жасыл желегін суарып отыр. Сөйтіп суды ауылға жібермей отыр деп санайды.
Кәсіпорнынның басшысы жұмыс орнында жоқ болып шықты. Бірақ қызметкерлері суды тұтынып жатқан жоқпыз деп басын алып қашты.
Станислав Яковенко, Кәсіпорынның цех басшысы:Бастапқыда осы аумақты көгалдандыруға сол құбырдан су алып, пайдаланғанбыз. Халық шулап кеткен соң, біз ол суды пайдаланбай қойдық. Ал, өндіріске суды біз арнайы рұқсат етілген су ұңғымасынан пайдаланып отырмыз.
Ал, мамандардың айтуынша судың жоқтығына кәсіпорынның пайдаланып отырғаны емес, ұңғымадағы су көлемінің азайып кеткені себеп болған. Сондай ақ көршілес Керегетас ауылындағы жөндеу жұмыстары да су тапшылығына әкеп соқтырып отыр.
Мамандар Қасқасу елді мекеніне суды Керегетас ауылына тартылған құбыр арқылы жеткізбек. Бірақ, ондағы құрылыс тек келер жылдың соңында аяқталмақ. Оған дейін Қасқасулықтарға суды өзеннен тасып ішуге тура келіп тұр.
Айнұр Ақбаева