Елімізде карантин шаралары күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде карантин шаралары күшейтілді

27.06.2021

Сонымен елімізде үнді штаммы шығып, әрі коронавирус жұқтырғандар көбейіп, жағдай қайтадан ушыға ма, деген қауіп бар. Өкімет қызмет көрсету салаларында, ірі ұжымдарда істейтіндерге вакцина алуды міндеттеді. Егер денсаулығында кінәрат болмаса.

Өткен аптада Ресей солай істеген. Олардың ынталандыру сыйлықтары қомақтырақ, үлгі алады-ау деп болжап едік, «тоқашқа» байланысты ғана емес, «қамшы» бойынша да үлгі алған екен.

«Екпе алуды міндеттеу заңға қайшы» деген сауалға байланысты үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабы:

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары: 
Конституцияның 29 бабына сәйкес, біз азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Қызмет көрсету саласында еңбектенетін вакцина алмағандар қызмет алуға барған азаматтарға қауіп төндіруі мүмкін. Иә, қызмет көрсету саласы өте ауқымды. Сондықтан жұмысты тоқтатып тастамаймыз. Керісінше, кәсіпкерлерді қолдау үшін осылай істеп отырмыз. Ешқандай да конституциялық құқық бұзушылық көріп тұрғаным жоқ. Оның үстіне таңдау беріп тұрмыз – екпе салғызғысы келмейтін ПТР тест тапсырсын. 

Әрине, апта сайын тапсыру керек ПТР тесттің пұлын әркім өзі төлеуі керек. Жұмыс беруші «вакцина салдыруға қарсы екенсіз, жарайды, тест тапсырып жүре беріңіз, төлеп беремін» демейді. Демек таңдау туралы әңгіме - сыпайыгершілік таныту. Үндістандағы жағдайды, тіпті ол да емес, былтыр жазда қандай жағдай болғанын ұмытпаған өкімет екпе алуға міндеттеуге мәжбүр. Егер таразының бір басында ел денсаулығы, екінші басында адамның құқығы тұрса, денсаулық таңдалатынын айтып отыр.

Сонымен карантин шаралары күшейтілді. Ashyq қосымшасына сауда- ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, азық-түлік емес базарлары да енгізілуі тиіс. Демек барлық жерге дерлік сол қосымшамен ғана кіру мүмкін болмақ.

Енді ынтыландыру шараларына келсек, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі демеушілердің ақшасына деп маусымның 25-нен тамыздың соңына дейін екі бөлмелі пәтер ойнатылатынын хабарлады. Жеңімпаз күзде анықталады. Сонымен бірге Нұр-Сұлтандағы «MEGA Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығында көлік ойнатылады. Пәтер Ақтау қаласында да қойылды.

Сөйтіп біздің шенеуніктер «пірәндік» жағынан Мәскеу мэриясынан асып түскендей. Президент ауыл әкімдерін сайлауға орай жиын өткізгенде санитарлық-эпидемиологиялық шектеулердің жиі бұзылып жатқанын және халықты вакциналау қарқынының бәсеңсіп қалғанын айтып, әкімдерге құлаққағыс жасаған:

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әкімдер азаматтарға екпе салу науқанынан шеттеп қалған сияқты. Әлеуметтік нысандардың, бизнес кәсіпорындардың және жалпы елдің экономикасы вакциналаудың сәтті жүргізілуіне тікелей байланысты екенін түсіну керек. Қазір жаппай вакциналау науқаны әкімдер жұмысының ең маңызды міндеттерінің қатарында болуы қажет.


Хабарламаларға жазылу